eGov.kz емханаға тіркелу қызметін жаңартты

Енді емханаға тіркелу қызметі тек ҚР азаматтары үшін ғана емес, сонымен қатар қандастар мен бейрезиденттер үшін де қолжетімді. Және ендігі кезекте медициналық мекемеге тіркелу барысында пайдаланушылар дәрігерді таңдай алады, сонымен қатар медициналық қызмет көрсету учаскесінің нөмірі туралы ақпаратты көре алады. Бұл туралы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медициналық ұйымға тіркелу қызметі eGov.kz-те ең танымал қызметтердің бірі болып қала береді. 2024 жылдың 6 айында ғана порталға емханаларға тіркелу жөнінде 1,2 млн-нан астам өтінім берілді.

Қызметті тек тұрғылықты жері өзгерген жағдайда ғана емес, сонымен қатар медициналық ұйымды жылына бір реттен жиі емес (15 қыркүйектен 15 қарашаға дейінгі кезеңде) ауыстыруға болады.

Қызмет үш қадаммен жүзеге асырылады:

– eGov.kz порталына кіріңіз және «Денсаулық сақтау» бөліміне өтіңіз;

– қызметтер тізімінен «Емханаға тіркелу» тармағын таңдаңыз және барлық қажетті жолды толтырыңыз;

– ЭЦҚ арқылы қызметке қол қойыңыз.

Қызметтің жаңа функционалы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік қызметтер комитеті, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бірлескен жұмысының арқасында іске қосылды.

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ ақпараты негізі