Егемендік еңсесі көтерілген күн

Қарағанды облыстық сотында ұлттық мереке – Республика күніне арналған салтанатты жиналыс өтті. Облыстық соттың төрағасы Ерден Әріпов шараға қатысушыларды құттықтай отырып, Мемлекет басшысының бастамасымен ұлттық мереке деп танылған Республика күні енді қазақстандық мерекелер күнтізбесінде ерекше орын алатынын айтты.

Сот төрағасы тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы, дамуы мен нығаюы үшін Қазақ КСР-ның Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларацияны қабылдау оқиғасының тарихи маңыздылығын атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайдың бірінші жиынында Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек екенін атап өтіп, бұл күнге ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынған болатын. Президенттің бұл ұсынысы қоғамда үлкен қолдау тауып, елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болатын Республика күні ұлттық мереке ретінде қайта жаңғырды. Елдігімізді әйгілеген бұл күннің барша халқымыз үшін маңызы мен алатын орны ерекше. Егемендіктің еңсесін көтеріп, тәуелсіздіктің тұсауын кескен, қазақ жұртын әлемге бейбітсүйгіш ел, толерантты ұлт ретінде танытқан күн, – деді Ерден Әріпов.

Сот төрағасы әріптестеріне заң үстемдігін қамтамасыз ету жолындағы жеке еңбектері үшін алғыс айтып, жылы лебізін білдірді.

Соттар әкімшісінің басшысы Мақсат Исин өз құттықтауында Республика күні тарихына көз жүгіртіп, ізгі тілектерін жеткізді.

– Осы тарихи сәтте баршаңызды Республика күнімен құттықтаймын. Бұл күн – ата-бабамыз еркіндік сыйлаған ұлы күн. Егеменді еліміздің туы асқақтап, әлемге шарықтап, келешегі көріктеп, мәртебесі биіктей берсін! Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға бақыт, сәтті күндер, зор жетістіктер тілеймін. Еліміздің дәулеті, еліміздің сәулеті жолындағы игілікті істеріңіз табысты болсын! – деп құттықтады Мақсат Исин.

Іс-шара марапаттау рәсімімен жалғасты. Бірқатар ардагер, облыс соттарының судьялары мен қызметкерлері «Мінсіз қызметі үшін», «Сот жүйесінің үздігі», «Сот жүйесінің ардагері» ведомстволық медальдарымен, Жоғарғы Соттың, облыстық сот төрағасының, Қарағанды облысы әкімінің, Соттар әкімшісінің құрмет грамоталары мен алғысхаттарымен марапатталды. Мерекелік жиын сот мамандары ұйымдастырған концерттік бағдарламамен аяқталды.

Аружан АЛПЫСБАЙ,

«QH»