Ең сенімді құпиясөз қалай жасауға болады?

Алаяқтардың құрбанына айналмас үшін және өзіңіздің идентификаттау деректеріңізді қорғау үшін мобильдік банкингте, электронды поштада, әлеуметтік желілердегі аккаунттарда және сан алуан сайттардағы аккаунттарда өз жеке кабинетіңізге бірегей, сенімді және әр түрлі құпиясөз жасау маңызды. Fingramota.kz бірнеше пайдалы ұсыныс береді.

Киберқылмыскерлер құпиясөздерді бұзу, сонымен қатар сіз және сіздің картаңыз туралы ақпарат алу үшін күрделі заманауи технологияларды қолданады. Мысалы, бұл – пайдаланушылардың құпиясөздерінде қолданылатын үлгі сөздерді қамтитын, кіріктірілген құпиясөз сөздіктері бар бағдарламалар не брутфорс-алгоритмдердің көмегімен символдардың сан алуан түрін сұрыптайтын бағдарламалар болуы мүмкін, бұл – біреудің құпиясөзін табуды көздейтін автоматтандырылған әрекет.

Алаяқтар өздерін беделді және танымал ұйымдардың қызметкері ретінде таныстыра отырып фишинг-шабуылдарды жиі ұйымдастырады. Олар әлеуметтік инженерия әдістері арқылы пайдаланушылардың құпия деректерді өз еркімен беруі үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Қаскүнемдер клон-сайттар жасайды немесе олардың көмегімен қажетті мәліметтерді ұрлау мақсатында азаматтардан зиянды қосымшаны жүктеуді өтінеді.

Алаяқтықтан қорғану тәсілдерінің бірі – күрделі, мысалы, сұрыптау әдісімен жасалған құпиясөз ойлап табу, оларды бұзу оңай емес. Сондықтан интернеттегі деректердің қауіпсіздігіне көбірек назар аударған жөн және Serik26091983 немесе Osen12345 сияқты жеңіл құпиясөз орнатпау керек.

Құпиясөз қандай болуы тиіс?

Біріншіден, ол кем дегенде 12 символдан тұруы тиіс. Және онда түрлі регистрдегі сандар мен әріптер ғана емес, сондай-ақ түрлі символ болуға тиіс. Мысалы: 5Gts@_BNp8l$. Символдардың орналасуы ешқандай да бір әдіске сәйкес келмеген кезде, мұндай құпиясөзді білу қиынға түседі.

Екіншіден, құпиясөзді жиі, айына бір рет немесе тоқсанына бір рет ауыстырып отыру қажет.

Үшіншіден, құпиясөзді құрастырған кезде оның қайталануына жол бермеңіз, яғни ол бірегей болуға тиіс. Сондай-ақ кейбір пайдаланушы барлық жерде бір ғана құпиясөз қолданып үлкен қателік жібереді, себебі оны бұзған алаяқтар басқа сайттардағы сіздің деректеріңізге қол жеткізе алады.

Мұндай құпиясөзді қалайша есте сақтауға болады?

Күрделі құпиясөздерді үнемі ауыстырып отыру және есте сақтау өте қиын. Ол үшін арнайы онлайн-құралдарды қолдануға болады. Мәселен, сандар, әріптер мен символдардан бірегей комбинациялар жасау үшін алгоритмдерді қолданатын кездейсоқ құпиясөздерді ойлап шығарушылар – генераторлар. Алайда бұл жерде іздеу барысында алғаш табылған сервисті емес, тексерілген сервистерді пайдаланған маңызды. Себебі белгісіз онлайн-сервистерді қолданған кезде алаяқтыққа тап болу тәуекелі бар.

Сенімді құпиясөз жасағаннан кейін оны ұмытпау үшін сақтап қою керек. Ешбір жағдайда оны телефонға, қағазға және компьютерге жазбаңыз. Құпиясөздерді сақтау үшін қауіпсіздіктің жоғары деңгейі бар арнайы бағдарламалар бар.

Құпиясөз жасау және одан әрі пайдалану туралы бес кеңес

  1. Ешбір жағдайда құпиясөзде өз атыңыз, тегіңіз, туған күніңіз сияқты жеке ақпарат пайдаланбаңыз.
  2. Құпиясөзде 123456 немесе qwerty сияқты пернетақталар тізбегін пайдаланбаңыз.
  3. Құпиясөзді кем дегенде үш айда бір рет жаңартып отырыңыз.
  4. Құпиясөзді еш жерде жарияламаңыз және ешкімге, әсіресе SMS, WhatsApp, Telegram және электронды пошта арқылы жібермеңіз.
  5. Антивирусты жаңартуды және екі факторлы аутентификацияны қолдануды ұмытпаңыз. Бұл жағдайда қызметтерге қол жеткізу үшін сізге SMS арқылы жіберілетін қауіпсіздік коды қажет.

Мұқият болыңыз және қаржылық сауаттылығыңызды fingramota.kz-пен бірге арттырыңыз!