Е.Ибраев: Конституциялық сот Парламентте қабылданған заңның Конституцияға сәйкестігін тексереді

Демократиялық қоғам болғандықтан, ең алдымен қазақстандық азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету алғашқы кезекке шығады. Бұл мәселемен айналысатын орган – Президенттің тапсырмасымен құрылатын Конституциялық сот болады. Осы жылдың тамыз айының соңына дейін Конституциялық сот туралы заң жобасын ұсыну керек.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Мемлекеттік дамудың жаңа кезеңі: Әділетті Қазақстан құру» тақырыбында сараптамалық дөңгелек үстел барысында саясаттанушы Ержан Ибраев мәлім етті.

«Қазақстан тарихында Конституциялық сот екі-ақ жыл жұмыс істеген — 1993-1995 жылдар аралығында. 1995 жылы Конституцияға сәйкес, ол Конституциялық кеңес болып құрылды. 2010 жылдан бері Конституциялық кеңес заң, құқықтық-нормативтік актілердің Конституцияға сәйкестігі жағынан жеті-ақ өтінішті қараған екен. Жеке азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын, Конституцияға сәйкестігі бойынша өтініштерін қарау механизмдері болмаған. Тек соттарға ғана барады. Сот көп жағдайда өтініштерін қанағаттандырмайтын. Тағы бір мәселе – адам құқықтары жөніндегі уәкіл, прокуратура өкілдерінде адамдардың құқықтарын қозғау, осы нормативтік-құқықтық актілердің, заңдардың Конституцияға сәйкестігін тексеру бойынша бастама көтеруге өкілеттілік болмады. Енді бұл орган жоспар бойынша 1 қаңтарда құрылуы керек және осы мәселені қарастырады. Мысалы, Парламентте қандайда бір заң шығатын болса, Президент қол қойғанға дейінгі аралықта Конституциялық сот құжаттың Конституцияға сәйкестігін тексеріп шығады», — деді саясаттанушы.

Оның айтуынша, қазіргі кезде заң жобасы дайындалып жатыр. Конституциялық сот — саяси даулы мәселелермен азаматтар жүгіне алатын орган. Яғни, азаматтар саяси құқықтары (сайлауға қатысты, сайлау нәтижесіне наразылық білдіруі, келіспеуі, саяси партиялардың тіркелуіне қатысты) немесе саяси өмірге қатысу: митинг, пикет, саяси процесстерге қатысу кезінде адам құқықтарына қысым, кедергілер жасалған болса, Конституциялық сотқа барады.

https://ortcom.kz/kk/novosti/1654774348