Еңбекпен көркейген қала

Қала әлі ұйқыда жатқанда, олардың жұмыс күні әлдеқашан басталады. Таңмен таласа жұмысқа кірісетін тазалықшылар үшін әр күн бір аумақты ретке келтіруден, гүлзарларды күтіп-баптаудан, қоқысты жинаудан басталады. Олардың еңбегі көп жағдайда көзге көрінбейді. Бірақ сол еңбектің нәтижесі – таңертеңгі жинақы көшелер, таза алаңдар мен күтімді саябақтар. Қарағандыдағы Мәңгілік алау мен Нұркен Әбдіров ескерткіші маңындағы аумақты күтіп ұстайтын Лариса Готфрид бастаған бригада да осындай тынымсыз еңбектің иелері.

Қала тазалығы – бір сәттік жұмыс емес. Оның артында күн сайын қайталанатын, маусымға қарай өзгеріп отыратын үлкен еңбек бар. Бір қарағанда қарапайым көрінетін қоқыс жинау, жолдарды сыпыру, гүлзарларды күту, ағаштар мен бұталарды ретке келтіру сияқты жұмыстардың барлығы белгілі бір тәртіппен атқарылады.

Бұл істің басы-қасында жүрген Лариса Готфридтің саябақ шаруашылығындағы еңбек өтілі де аз емес. Ол өндірісте 1999 жылдан бері еңбек етіп келеді. Ал 2012 жылдан бастап Мәңгілік алау аумағына жауапты. Кейін Нұркен Әбдіров ескерткіші орналасқан аумақ та оның қарауына берілген.

– Өндірісте 1999 жылдан бері жұмыс істеймін. 2012 жылдан бастап осы Мәңгілік алау нысанындамын. Кейінірек маған Нұркен Әбдіров нысаны да берілді, – дейді Лариса Готфрид.

Жылдар бойы жинақталған тәжірибе оған бұл жұмыстың ерекшелігін жақсы білуге мүмкіндік берген. Мұндай маңызды нысандарды күтіп ұстау үшін жауапкершілікпен қатар, жұмысты дұрыс ұйымдастыра білу де қажет. Әр адамның өз міндеті бар. Бірі аумақты сыпырса, енді бірі гүлзарларды реттейді, тағы бірі қоқыс жәшіктерін тазалайды.

Жұмыс маусымға қарай да өзгереді. Көктемде аумақ қысқы қалдықтан тазартылып, жасыл желекке күтім жасалады. Жаз бойы гүлзарлар суарылып, арамшөптерден тазартылады, бұталар мен ағаштар ретке келтіріледі. Күзде түскен жапырақ жиналса, қыс мезгілінде қар мен мұздан тазарту жұмыстары алдыңғы орынға шығады.

Яғни қала тұрғындары көретін таза әрі жинақы аумақтың артында күн сайын атқарылатын жүйелі еңбек жатыр.

Бұл жұмыстың ерекшелігі – нәтижесі бірден байқалғанымен, еңбектің өзі үздіксіз жалғаса береді. Таңертең тазартылған аумақта түстен кейін қайтадан қоқыс пайда болуы мүмкін. Сондықтан тазалықшылар бір жұмысты қайта-қайта орындауға мәжбүр болады.

Әсіресе Мәңгілік алау мен Нұркен Әбдіров ескерткіші орналасқан аумақтардың маңызы ерекше. Мұнда тазалық сақтау тек абаттандыру талабымен шектелмейді. Бұл – тарихи орынға деген құрметтің бір көрінісі.

Лариса Готфридтің айтуынша, кейде тұрғындар бұл ерекшелікті ескере бермейді. Үйден шыққан тұрмыстық қалдықтарды саябаққа әкеліп тастайтындар да кездеседі. Таңертең тазаланған аумақтың түстен кейін қайта қоқысқа толуы жұмысшылардың еңбегін еселеп арттырады.

– Түске дейін-ақ үйден, пәтерден картоп, сәбіз аршыған қоқыс салынған пакеттерді әкеліп, қойып кететіндер бар. Қоқыстың бәрін сағат 12-ге дейін жинап қоямыз, ал түстен кейін қайтадан бәрін басынан бастауға тура келеді. Монументтің артында Ұлы Отан соғысына қатысқан батырларға арналған жұлдыздар бар. Осындай жерлерде ит жетектеп жүрмей, велосипед, ролик теппей, әдеп сақтап, тағзым ету керек, – дейді Лариса Готфрид.

Бұл – тазалықшылардың күнделікті еңбегінің тағы бір қырын көрсетеді. Олар тек аумақты жинап қана қоймайды. Қала тұрғындарының қоғамдық орындардағы мәдениетіне де куә болады.

Өкінішке қарай, демалыстан кейін жерде күнбағыс қабығы, сусын бөтелкелері, темекі қалдықтары қалып қоятын жағдайлар жиі кездеседі. Мұның бәрін қайтадан жинайтын да – сол еңбек адамдары.

Ал олардың еңбегін бағалайтын тұрғындар да бар. Саябақта серуендеп жүрген қала тұрғындары тазалықтың сақталғанын көріп, жұмысшыларға алғысын айтып жатады.

– Бәрі тап-таза. Спорт алаңында да болып тұрамыз, көңіліміз толады. Қоқыс жәшіктерінің бәрін жинап алады, сыпырады, жасыл желекті қырқады. Жұмысшылар жақсы істейді, шағымданатындай ештеңе жоқ, – дейді қала тұрғыны Галина Яковлева.

Мұндай сөздер кейде көзге көрінбейтін еңбектің қадірін арттырады. Өйткені тазалық сақшыларының жұмысы қаланың күнделікті өміріне сіңіп кеткен. Олар жұмысын сапалы атқарған сайын, олардың еңбегі байқалмай қалады. Таза алаң мен жинақы гүлзар қала тұрғыны үшін қалыпты көрініске айналады.

Бірақ сол қалыпты көріністің артында таңнан басталған еңбек бар.

Лариса Готфрид сияқты адамдардың жұмысында демалыс күндері немесе мереке деген түсінік те шартты. Қала тұрғындары саябақта демалып жатқанда, бір жерде қоқыс жиналып, гүлзар суарылып, аумақ ретке келтіріліп жатады. Ертеңіне қала қайтадан таза күйінде қарсы алуы үшін бүгін біреу еңбек етуі керек.

Сондықтан қаланың тазалығы туралы сөз қозғағанда, ең алдымен осы еңбектің қадірін түсіну маңызды. Тазалықшының еңбегін бағалау – оған жылы сөз айту ғана емес. Оның жұмысын қиындатпау, қоқысты белгіленген орынға тастау, қоғамдық кеңістікті бүлдірмеу де – еңбекке деген құрмет.

Әсіресе тарихи ескерткіштер мен тағзым орындарында бұл жауапкершілік еселене түсуі тиіс. Мәңгілік алау мен Нұркен Әбдіров ескерткіші – жай ғана қала нысандары емес. Олар өткенді еске түсіретін, тарихты ұлықтайтын орындар.

Мұндай жерлерді таза ұстау – коммуналдық қызметтің ғана міндеті емес. Бұл – қалада өмір сүретін әр адамның ортақ жауапкершілігі.

Қарағандының көркеюі тек жаңа ғимараттар мен жөнделген көшелерге байланысты емес. Қаланың шынайы мәдениеті оның тұрғындарының күнделікті әрекетінен көрінеді.

Ал сол мәдениеттің бір көрінісі – өзіңнен кейін қоқыс қалдырмау.

Таңғы қаладағы тазалықшылардың еңбегі бізге осыны тағы бір еске салады: таза қала бір адамның емес, мыңдаған адамның жауапкершілігінен қалыптасады. Ал сол жауапкершіліктің бастауы – өз еңбегіңді адал атқарып, өзгенің еңбегін құрметтеу.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»