Еңбеккерлер құқығы қорғалды

Қарағанды көлік прокуратурасының араласуымен өңірдегі көлік кәсіпорындарында жұмыс істейтін жүз жиырмадан астам қызметкердің еңбек құқығы қорғалды. Яғни жұмыс түрінің ауыр жағдайлары мен денсаулыққа төндірер қаупіне байланысты оларға төленуі тиіс өтемақы өндірілді. Сонымен қатар Қарағанды көлік прокуратурасы жекелеген жұмыс берушілердің аталған еңбек заңнамасының нормаларын сақтамау фактілерін анықтады.

 

Қолданыстағы Еңбек кодексінің және Ұжымдық шарттың ережелеріне сәйкес, жұмыс беруші еңбек қызметін ашық ауада -25 градус және +35 градус температурада, сондай-ақ боран мен қар жауған кезде 10 градустан төмен температурада жүзеге асыратын теміржол саласының қызметкерлеріне қосымша ақы төлеуге міндетті.

Прокурорлық қадағалау актісі бойынша, бұзушылықтар жойылды, «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ құрылымдық бөлімшелерінің Ақадыр машиналандырылған жол дистанциясы филиалы 120 теміржолшыға 1 млн теңгеден астам қосымша ақы төледі.

Егер еңбек ұжымдары осыған ұқсас әділетсіздікке тап болып, құқықтары аяқасты болған жағдайда, Қарағанды көлік прокуратурасының мобильді тобына (8(7212) 78-18-28, 78-13-93) хабарласуы тиіс.

Өз тілшімізден