Еңбекке жол ашқан инклюзивті жоба

Қарағандыда ерекше қажеттіліктері бар жастарды қолдауға және олардың еңбекке араласуына мүмкіндік беретін инклюзивті бастама жүзеге асуда. Қарағанды қаласы әкімдігінің қолдауымен, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында қолға алынған «Жасыл ел» жобасының инклюзивті бағыты жастарға алғашқы еңбек тәжірибесін жинап, жаңа ортаға бейімделуге және өз мүмкіндіктерін сынауға жол ашып отыр.

Жобаның басты мақсаты – ерекше қажеттілігі бар жастарды қоғам өміріне белсенді араластырып қана қоймай, оларды дербес өмірге дайындау, еңбек дағдыларын қалыптастыру және жұмыспен қамтуға нақты мүмкіндік беру. Бастаманы жүзеге асыруға «Бізбен бірге бол» интеграциялық орталығы, Қарағанды қаласының әкімдігі және Жастар ресурстық орталығы атсалысты.

Көптеген жас үшін мектеп немесе колледж аяқталғаннан кейінгі кезең оңай емес. Білім алу мүмкіндігі болғанымен, кейін тұрақты жұмыс табу, ұжымға бейімделу, құжаттарды рәсімдеу және құқықтық мәселелер бойынша көмек алу сияқты кедергілер кездеседі. Осы тұрғыдан алғанда, «Жасыл ел» жобасы жастарға еңбек нарығына алғашқы қадам жасауға мүмкіндік беретін маңызды әлеуметтік алаңға айналып отыр.

«Адал-Көмек» ЖШС директоры, LAW COMPANIES GROUP LUNEV WATERS заң компаниясы өкілдігінің жетекшісі Нұржан Джалбировтың айтуынша, жоба қатысушыларының еңбекке араласуы олардың өз күшіне деген сенімін арттырған.

– Инклюзивті жобаның нәтижесі біз күткеннен де жақсы болды. Қатысушылар жұмыс барысында жаңа дағдыларды меңгеріп, өздеріне берілген тапсырмаларды орындауды үйренді. Ең бастысы – олардың «мен де істей аламын» деген сенімі қалыптасты. Бұл жоба жастар үшін еңбекке бастайтын алғашқы қадам болды, – дейді Нұржан Джалбиров.

Жобаға әртүрлі мүмкіндігі бар жастар қатысқандықтан, әрқайсысына жеке тәсіл қолданылды. Алғашқы кезеңде олар жаңа ортаға бейімделіп, бір-бірімен қарым-қатынас орнатуды және командада жұмыс істеуді үйренді. Жұмыс күндері дене шынықтыру жаттығуларынан басталып, еңбек тәртібіне біртіндеп бейімделді.

Қатысушыларға аумақты күтіп ұстау, жасыл желектерге күтім жасау, тазалық жұмыстарын жүргізу және ұжым мүшелерімен бірлесіп әрекет ету дағдылары үйретілді. Еңбек кестесі де қалыпты тәртіпке негізделді: бес күн жұмыс, екі күн демалыс.

«Бізбен бірге бол» интеграциялық орталығының жетекшісі Әсел Бекбаева ерекше қажеттілігі бар жастар үшін мұндай жобалардың маңызы зор екенін атап өтті.

– Мен өзім де 18 жасқа толған аутизмі бар баланың анасымын. Бала өсіп, кәмелетке толғаннан кейін «бізді не күтіп тұр?» деген сұрақ туындайды. Өйткені оқу процесі аяқталған соң мұндай диагнозы бар жастардың жұмысқа орналасуы өте қиын. Колледж немесе училище белгілі бір уақытқа мүмкіндік береді, бірақ одан кейін көпшілігі үйде отыруға мәжбүр болады. Сондықтан осындай жобалардың жүзеге асуы жастардың қоғамнан тыс қалмауына, еңбекке араласуына және өз мүмкіндігін көрсетуіне жол ашады, – дейді Әсел Бекбаева.

Жоба барысында қатысушылардың бойындағы сенімділіктің артқаны байқалған. Алғашында бейтаныс ортаға үйренісу қиын болса, уақыт өте келе жастар өз міндеттерін жауапкершілікпен орындап, ұжымның толыққанды мүшесіне айналған.

Бір ай бойы еңбек тәжірибесінен өткендер де, жазғы маусым бойы жұмыс істегендер де болды. Ең маңыздысы – жастар алғашқы жалақысын алып, еңбегінің нәтижесін сезінді. Бұл олардың өз күшіне сенуіне, жаңа дағдыларды меңгеруіне және алдағы кәсіби жолына оң әсер етті.

Бастаманы ұйымдастырушылар жобаны одан әрі дамытуды жоспарлап отыр. Алдағы уақытта ерекше қажеттілігі бар жастар үшін жұмыс орындарының санын арттыру, жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейту және жас шектеулеріне қатысты мәселелерді әкімдікпен бірлесіп пысықтау көзделген.

Жобаны жүзеге асыруда «Бізбен бірге бол» интеграциялық қоғамдық бірлестігінің де үлесі зор. Ұйым бастаманың идеясын ұсынып қана қоймай, қатысушыларға барлық кезеңде ұйымдастырушылық және әдістемелік қолдау көрсетіп келеді.

«Жасыл елдің» инклюзивті бағыты – ерекше қажеттілігі бар жастарға тек уақытша жұмыс ұсынатын жоба емес. Бұл – олардың еңбекке бейімделуіне, өз қабілетін тануына, қоғамға қажетті екенін сезінуіне және дербес өмірге қадам басуына мүмкіндік беретін нақты қолдау тетігі.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»