Еңбек жасағының жаңа маусымы
Кейінгі жылдарда «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының танымалдығы артып келе жатқаны әмбеге аян. Өйткені бұл бағдарлама оқушылар мен студенттерге жаз маусымында жұмыс істеп ақша табуға ғана емес, жаңа достармен танысу арқылы уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. Сондықтан кейінгі жылдарда еңбек жасағына жазылуға ниетті жандардың саны еселеп артқан.
Биыл да қарағандылық жастар жаңа маусымды асыға күткен-ді. Көп тілеген күн де келіп жетті. Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Ләззат Ақылжанованың және қалалық мәслихат депутаттары мен қоғам белсенділерінің қатысуымен «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының XIХ еңбек маусымы ресми түрде басталды.
– Жастарымыз бойындағы күш-жігері мен қуатын қаламызды абаттандыруға бағыттайтын бұл жобаның маңызы зор. Оларға берік достық пен табыс тілейміз, – дейді қалалық мәслихат төрағасы Алтынтөре Бөкенов.
Жастар жасағы 1 маусымнан басталып, 31 тамызға дейін жалғасады. Биыл осы бағдарлама арқылы мыңға жуық жас жұмыспен қамтылмақ. Мамандардың айтуынша, бағдарламаның қамту аясы кейінгі жылдары үш есеге дейін ұлғайыпты. Әрі қатысушылардың жалақысы да айтарлықтай өскен. Яғни енді жастар жұмыс сағатының көлеміне байланысты 70 мыңнан 105 мың теңгеге дейін айлық алады.
– Жобаның негізгі мақсаты – жастарды еңбекке баулу. Олар қаламыздағы саябақтар мен скверлерді көгалдандырумен айналысады. Мұнысы экологияны жақсартуға едәуір септігін тигізеді. Әрі сол арқылы біз жастарымызға қаланы көркейтуге үлес қосу мүмкіндігін сыйлаймыз, – дейді Қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Якуб Джамалов.
Айта кетейік, «Жасыл ел» жобасына 14 жастан асқан қарағандылықтар қатыса алады. Салтанатты шара барысында жеткіншектердің көңілін көтеруге бағытталған бағдарламалар ұсынылып, танымал әндер шырқалды.