Еңбек құқығын қорғауға бағытталған маңызды қадам
Президент еңбек қатынастарын жетілдіруге бағытталған заңға қол қойды. Жаңа түзетулер жұмыскерлердің құқықтарын қорғауды күшейтіп, жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыруды көздейді.
Құжатқа сәйкес, енді қызметкерлердің жұмыс орнындағы жеке өміріне қол сұғылмаушылық құқығы, сондай-ақ ар-намысы мен қадір-қасиетінің құрметтелуі мен қорғалуы заң жүзінде нақты бекітілді. Бұл еңбек ұжымдарында өзара сыйластық пен әділ қарым-қатынасты қалыптастыруға ықпал етеді.
Заңдағы маңызды жаңалықтардың бірі – қызметкерлердің денсаулығына қатысты нормалардың күшеюі. Енді жұмыс берушілер жұмыскерлерді скринингтік тексерулерден өту үшін босатуға міндетті болады. Бұл талапты орындамаған жағдайда жауапкершілік қарастырылған. Аталған норма 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Сонымен қатар жұмысқа қабылдау кезінде азаматтардың құқықтарын қорғауға ерекше назар аударылды. Жүкті әйелдерге, үш жасқа дейінгі баласы бар ата-аналарға, кәмелетке толмағандарға және мүгедектігі бар адамдарға жұмысқа қабылдаудан бас тартқан жағдайда жұмыс беруші оның нақты себебін жазбаша түрде түсіндіруге міндетті. Бұл еңбек саласындағы кемсітушіліктің алдын алуға бағытталған маңызды шара болып саналады.
Жаңа заңға сәйкес, еңбек жағдайлары өзгерген кезде жұмыс беруші қызметкерді бұл туралы алдын ала жазбаша түрде хабардар етуге тиіс. Сондай-ақ материалдық жауапты қызметкерлерді жұмыстан босату және мекеме мүлкін өткізу рәсімдері де нақтыланды.
Еңбекті қорғау мәселесіне де ерекше көңіл бөлінген. Енді жұмыс берушілер өндірістік және қызметтік нысандардағы қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге міндетті болады. Бұл жұмыс орындарындағы жазатайым оқиғалардың алдын алып, қызметкерлердің қауіпсіз еңбек етуіне жағдай жасауға бағытталған.
Мамандардың пікірінше, қабылданған өзгерістер еңбек қатынастарының ашықтығын арттырып, жұмыскерлердің құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін күшейтеді. Заң нормаларының басым бөлігі 2026 жылғы 4 тамыздан бастап күшіне енеді.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»

