Еңбек нарығындағы жаңа түйткіл
Осыдан бірнеше жыл бұрын елімізде мұғалім тапшылығы өткір мәселелердің бірі саналса, бүгінде жағдай мүлде басқа арнаға бұрылды. Қазір педагогикалық мамандық иелері көбейіп, еңбек нарығында бәсекелестік күшейген. Сарапшылар мұны мұғалімдердің жалақысының өсуімен және педагог мамандығының тартымдылығының артуымен байланыстырады.
Қарағанды қаласындағы еңбек нарығына жүргізілген талдау да осыны көрсетеді. HeadHunter жұмыс іздеу платформасында мемлекеттік мектептердегі мұғалімдерге арналған бос жұмыс орындары мүлде табылмаған. Платформа өкілдерінің мәліметінше, жоғары оқу орындарының оқытушыларына деген сұраныс та төмендеген. Соған қарамастан, білім беру саласы орташа 300 мың теңгелік медианалық жалақысымен әлі де тартымды бағыттардың қатарында қалып отыр.
– Жұмыс іздеушілер, соның ішінде оқытушылар тарапынан үлкен өсім байқалады. Бірақ жұмыс берушілер ұсынатын бос орын онша көп емес. Сондықтан 2026 жылдың бірінші тоқсанында еңбек нарығындағы бәсекелестік көрсеткіші 15-ті құрады. Яғни, бір бос орынға шамамен 16 адам таласады. Бұл – өте жоғары көрсеткіш, – дейді Мұхамед Бағдатұлы.
Мәселенің ушығып бара жатқанын Еңбек мобильділігі орталығы мен Ғылым және жоғары білім министрлігі де мойындап отыр. Қазіргі таңда елдегі 52 жоғары оқу орны педагог мамандарын даярлауды жалғастыруда. Алайда еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың арақатынасы ескерілмей келеді. Соған қарамастан, педагогикалық гранттардың саны қысқармаған.
Мәселені реттеу үшін министрлік талапкерлерге қойылатын талаптарды күшейтуді қолға алған. Енді педагогикалық мамандықтарға түсу үшін тек ҰБТ нәтижесі жеткіліксіз болуы мүмкін.
– Біз шекті балл деңгейін 50-ден 75-ке дейін көтердік. Қазіргі уақытта педагогикалық мамандықтарға екі кезеңді іріктеу жүйесін енгізуді жоспарлап отырмыз. Талапкерлер ҰБТ-мен қатар ауызша емтихан тапсырады. Бұл олардың сыни ойлауын, коммуникативті дағдыларын және кәсіби мотивациясын бағалауға мүмкіндік береді, – дейді Жандәулет Құдайбергенов.
Дегенмен, тәжірибелі педагог әрі Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова мәселенің екінші қырына назар аударады. Оның айтуынша, гуманитарлық пән мұғалімдері шамадан тыс көп болғанымен, нақты ғылымдар бойынша кадр тапшылығы әлі де сақталып отыр.
– Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қай мамандықтарға сұраныс жоғары екенін нақты бақылауда ұстауы керек. Гранттар саны еңбек нарығындағы қажеттілікке қарай бөлінуі тиіс. Мемлекет бюджет қаржысын белгілі бір мамандарды даярлауға жұмсаса, оның тиімділігіне де жауап беруі қажет, – дейді Ирина Смирнова.
Сарапшылардың пікірінше, алдағы уақытта педагогикалық мамандықтарға қабылдау талаптарының күшеюі еңбек нарығындағы теңгерімді реттеуге ықпал етуі мүмкін. Алайда ақылы бөлімде білім алатын студенттер үшін шектеу жоқ. Сондықтан көптеген түлек оқу аяқталған соң жұмыссыз қалу немесе қайта даярлау курстарынан өту қаупімен бетпе-бет келуі ықтимал.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»

