Еңбек нарығына бастар көпір
Қарағанды қаласында жұмыс іздеп жүрген азаматтар мен жұмыс берушілердің басын қосқан кезекті бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. «Таир» сауда үйінде ұйымдастырылған шара Қарағанды облысының Еңбек мобильділігі орталығының бастамасымен Қарағанды қаласының әкімдігі және Жастар ресурстық орталығының қолдауымен өткізілді. Негізгі мақсат – тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпарат беру және мемлекеттік қолдау тетіктерін кеңінен таныстыру.
Жәрмеңке барысында 312-ден астам азамат жұмыспен қамту мәселелері бойынша кеңес алып, олардың 62-сі тұрақты және уақытша жұмыс орындарына жолдама алды. Сонымен қатар пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға ерекше назар аударылып, нәтижесінде 23 адамға жұмысқа орналасуға мүмкіндік беретін жолдамалар берілді. Мамандардың айтуынша, еңбек нарығына қайта бейімделуді қажет ететін азаматтарды жұмыспен қамту қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алуда маңызды рөл атқарады.
Шараға Қарағанды қаласындағы 40 кәсіпорын мен ұйым қатысып, жалпы саны 850-ден астам бос жұмыс орнын ұсынды. Ұсынылған вакансиялар өндіріс, қызмет көрсету, сауда, құрылыс, көлік және әкімшілік басқару салаларын қамтыды. Жұмыс іздеушілер жұмыс берушілермен тікелей әңгімелесіп, еңбек жағдайлары мен жалақы көлемі туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік алды.
Жәрмеңкеге прокуратура, пробация қызметі, Әділет департаменті, Қарағанды қаласының полиция басқармасы, Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті және басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері қатысып, азаматтарға құқықтық және әлеуметтік мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Келушілерге бос жұмыс орындары жөнінде ғана емес, мемлекеттік қолдау шаралары туралы да кең көлемде ақпарат берілді. Атап айтқанда, «Жастар практикасы», «Әлеуметтік жұмыс орны», «Күміс жас», кәсіби оқыту және қайта даярлау бағдарламаларының мүмкіндіктері таныстырылып, жазғы кезеңде жұмысқа орналасу жолдары түсіндірілді. Әсіресе еңбек жолын енді бастап жатқан жастар мемлекеттік бағдарламалар аясында тәжірибе жинақтап, алғашқы жұмыс орнын табу мүмкіндіктеріне қызығушылық танытты. Соңғы жылдары Қарағанды облысында жұмыспен қамту көрсеткіштері тұрақты түрде жақсарып келеді. Өңірлік жұмыспен қамту органдарының мәліметіне сәйкес, биылғы жылдың басынан бері облыста 32 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Оның едәуір бөлігі жаңадан құрылған жұмыс орындарына орналасқан. Өңірдегі жұмыссыздық деңгейі шамамен 4 пайыз деңгейінде сақталып, республикалық орташа көрсеткіштен төмен болып отыр.
Жастарды жұмыспен қамту мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Ресми деректерге сәйкес, өткен жылы Қарағанды облысында жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен 23 мыңнан астам жас қамтылып, олардың 21 мыңнан астамы тұрақты немесе уақытша жұмысқа орналасқан. Ал жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3 пайызды құрап, өңірдегі еңбек нарығының тұрақтылығын көрсетіп отыр.
Мамандардың айтуынша, бос жұмыс орындары жәрмеңкелері жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасындағы байланысты күшейтетін тиімді құралдардың бірі. Мұндай алаңдар азаматтарға қысқа уақыт ішінде бірнеше мекеменің ұсыныстарымен танысуға мүмкіндік берсе, кәсіпорындар қажетті мамандарды жедел іріктеуге жағдай жасайды. Сонымен қатар өңірде жүзеге асырылып жатқан жұмыспен қамту бағдарламалары халықтың әртүрлі санаттарына еңбек нарығына бейімделуге және тұрақты табыс көзін табуға көмектесіп келеді.
Бүгінде өңір тұрғындары үшін өзекті бос жұмыс орындары мен мемлекеттік қолдау шаралары туралы толық ақпарат enbek.kz электрондық еңбек биржасында қолжетімді. Еңбек мобильділігі орталығының өкілдері жұмыс іздеп жүрген азаматтарды осы платформаның мүмкіндіктерін белсенді пайдалануға шақырады.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

