Еңбек қауіпсіздігі – басты талап
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде 28 сәуір – Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай «Білім, тәжірибе, ғылым» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Салтанатты шараға еңбек қорғау саласындағы мамандар қатысты.
Іс-шара барысында кеніштік аэрология және еңбекті қорғау кафедрасында заманауи қондырғылармен жабдықталған «Өнеркәсіптік қауіпсіздік» зертханасы ашылды. Тағылымды шараға «Maker» ЖШС, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС, «Kazakhmys Maintenance Services» ЖШС, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Kazprom Engineering» ЖШС, «Қарағанды Су» ЖШС, «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС, «Өркен» ЖШС, «Bastau Expert» ЖШС-ның еңбек қорғау саласындағы мамандары қатысты.
– Осы зертхананы заманауи аспап, қондырғылармен қамтамасыз ету үшін университет 40 млн теңге, ал компьютерлік техника мен бағдарламаларға 15 млн қаржы бөлді. Бұл зертхана «Өмір тіршілігі қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау» білім беру бағдарламасында оқитын студенттер мен магистранттардың өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбекті қорғау бағытында сапалы білім алуына септігін тигізеді. Сонымен қатар кафедраның профессор-оқытушылар құрамына ғылыми жұмыстармен айналысуға үлкен мүмкіндік береді, – дейді кеніштік аэрология және еңбекті қорғау кафедрасының меңгерушісі, техника ғылымдарының кандидаты, доцент Нұрбек Жолмағамбетов.
Кеш қонақтарына зертхана жұмыстарын таныстырғаннан кейін дөңгелек үстел отырысы өтті. Іс-шара барысында мамандар студенттермен кездесіп, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөнінде маңызды мәселелерге тоқталды және өз тәжірибелерімен бөлісті. Дөңгелек үстел отырысында өндірісте орын алатын жазатайым оқиғалар, кәсіби аурулардың алдын алу жөніндегі өзекті тақырыптар талқыланып, толғамды ойлар ортаға салынды. Сондай-ақ басшылық атынан Қарағанды техникалық университетінің атқарушы директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Аристотель Исағұлов кеш қонақтарына алғыс білдірді. Сондай-ақ жалынды жастардың сапалы білім алуы үшін жасалып жатқан игі шаралардың әлі де жалғаса беретінін жеткізді.
Дөңгелек үстел өткізудегі мақсат – еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөнінде консультациялық, ақпараттық әрі ғылыми-зерттеу қызметін көрсету бағытында өнеркәсіптік кәсіпорындармен ынтымақтастықты нығайту.
«Қазақмыс Мэйнтенанс Сервисиз» ЖШС «Қарағандысервис» кәсіпорнында персоналды басқару бөлімінің персонал жөніндегі менеджері лауазымында қызмет атқаратын Индира Мұқанова өзі түлеп ұшқан кафедрада заманауи қондырғылармен жабдықталған «Өнеркәсіптік қауіпсіздік» зертханасының ашылғанына дән риза. Сонымен қатар ол «Тіршілік қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау» мамандығында оқитын студенттердің сапалы білім алуларына және кафедра оқытушыларының студенттермен бірге ғылыми жұмыстармен айналысуына үлкен мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
– Абай атамыздың «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» дегеніндей, осындай үлкен іс-шараны өткізуге басшылық жасап қана қоймай, болашақта жас мамандарды сапалы түрде дайындау мақсатында көптеген мүмкіндік жасау үшін зор үлес қосып, білім беріп келе жатқан кеніштік аэрология және еңбекті қорғау кафедрасы ұжымына, оның ішінде студент кезімде білім жолында маған демеу болып, тек университет қабырғасында ғана емес, республикалық деңгейде ғылыми іс-шараларға қатысуыма зор үлес қосып, ғылыми жетекшім болған кафедра меңгерушісі, доцент, т.ғ.к. Нұрбек Жолмағамбетов ұстазыма жеке алғыс білдіремін, – дейді Индира Саматқызы.
Еркебұлан САНАҚҰЛЫ,
«QH»