Еңбегі көптің өнбегі көп

 

Шілде – саяжайдағы еңбектің нағыз қызатын шағы. Қарағандыда саяжайды ерекше күтіп-баптаумен айналысатын отбасы тұрады. Отанасы Айгүл Мұқашева – жекеменшік компанияның қаржы директоры. Ол қолы қалт еткен сәттің барлығында бірден саяжайға барып бау-бақшамен айналысады.

– Қазір қала сыртында бос саяжай көп. Көбісі бақша баптауды қарттардың ісі деп ойлайды. Бірақ мұның өзі – демалудың бір түрі, әрі жастарды еңбекке баулиды, – дейді Айгүл ханым.

Есекиндер әулеті 7 жылдан бері көкөніс, жеміс-жидек егумен айналысып келеді. «Еңбек ептілікті сүйеді» дегендей, әр гүлдің күтімін, әр жемістің бабын табу – оңай шаруа емес. Қазір олар кәнігі бағбанға айналған. Отағасы Марат Есекиннің әрбір іс-әрекетіне қарап перзенттері мен немерелері ой мен бой түзейді. Ол бау-бақша суарудың жаңаша технологиясын ойлап тапқан, саяжайларында тамшылата суаруды қолға алыпты.

– Біз күні бойы жұмыста жүреміз, ал далада аптап ыстық. Таңертең бұрандасын ашып кетсек, біз келгенше жартысы суарылып тұрады. Жемістерді қалай болса солай еге салу дұрыс емес. Аялап, махаббатпен өсіру керек, – дейді Айгүл Мұқашева.

Есекиндер отбасы мұнда картоп, көкөніс, жеміс-жидек пен түрлі гүл егеді. Айтуларынша, осы алақандай жердің өзінен жылына 20-25 қап картоп алады. Жанұя мүшелерінің барлығы еңбекке жақын. Демалыс күндері барлығы осы саяжайда бас қосады. Әулет келіні Надежда бұрын бақша жұмыстарына ешқашан араласып көрмеген екен. Жас келін бастапқы кездері жұмысқа тосын қарап, үйрене алмаған.

– Мен өз үйімде ешқашан жерге күтім жасап, бақша жұмыстарына араласқан емеспін. Келін болып түскеннен кейін бұл мен үшін мүлде жаңа дүние болды. Уақыт өте келе бақша баптауға икемім бар екенін байқадым. Кешке қарап отырсаңыз, құстар ән салады. Өз жұмысыңның нәтижесін көру – үлкен бақыт. Осында келіп демалып қаламын, – дейді келіні Надежда Нестерова.

Саяжайға олар немерелерін де ерте келеді. Кішкентай кезінен көздері үйреніп, еңбекке бейім болып өскенін қалайды.

Ерлі-зайыпты Есекиндер 10 жылдан бері салауатты өмір салтын берік ұстанады. Күн сайын жаттығу жасап, дене еңбегімен шұғылданады. Мұны сымдай тартылған шымыр мүсіндеріне қарап-ақ түсінуге болады. Есекиндер отбасының саяжайы – отбасылық игілік.