Думан ҚОЖАХМЕТОВ, Қарағанды полиция басқармасының бастығы: «Полиция – жазалаушы емес, қорғаушы құрылым»
Мына қызықты қараңыз, әлем елдерінде құқық қорғау саласы қызметкерлеріне қатысты халықтың көзқарасы сан түрлі екен. Мәселен, экономикасы дамыған, адам құқығы қатаң сақталатын елдерде полиция мен қауіпсіздік – егіз ұғым. Ал тоталитаризмнің тар құрсауынан шыққан дамушы елдерде керісінше, жұрт полицияны көргенде ең алдымен үрейлену сезімін бастан кешіріп, кінәсі болмаса да, қуыстана қалады екен. Бұл жағдай біздің елге де таныс. Әйтсе де қазіргі таңда құқық қорғау саласын реформалау қарқынды жүріп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев полиция қызметін жетілдіріп, қолжетімділігін арттыруды қатаң тапсырған болатын. Қарағанды қаласында бұл бағытта қандай жұмыстар жүріп жатыр? Қылмысқа қарсы күрес пен құқықбұзушылықтың алдын алуда ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер бар ма? Осы сауалдардың жауабын іздеп Қалалық полиция басқармасының бастығы Думан Рамазанұлы ҚОЖАХМЕТОВПЕН сұхбат құрған едік.
– Думан Рамазанұлы, әңгімеміздің әлқиссасын полицияның болмысы туралы сауалдан бастасақ. Басшы ретінде қоластыңыздағы қызметкерлерден нені талап етесіз? Сіздің ойыңызша, полиция қандай болуы керек?
– Жасыратыны жоқ, полиция болу – қиын жұмыс. Рас, кез келген адам форма киіп, құқық саласының қызметкері атана алатын шығар. Алайда олардың барлығы нағыз полицей бола алмайды. Біздің салада қызмет еткісі келген азаматтардың бойында адалдық, күрделі жағдайда қиыннан қиыстырып жол таба білетін тапқырлық, қатаң тәртіп пен батырлық және моральдық тұрақтылық қажет. Қызметкерлерге қоятын басты талабым да – сол: нағыз полицей болу. Осы қызметті таңдап келген екен, демек, тәуліктің қай мезгілінде болса да күн райының қандай екеніне қарамастан алдыңғы шептен көрінуге дайын болуы керек. Біздің жұмыста бекітілген кесте жоқ. Өйткені қылмыскерлер өздерінің жымысқы әрекетін жүзеге асыратын кезде «полицейлерге ыңғайлы ма екен?» деп қарап тұрмайды ғой. Сондықтан барлық жағдайға дайын болу керек. Өкінішке қарай, көптеген азамат мұндай ауыр жүкті арқалауға моральдық тұрғыда дайын болмай шығады. Әйтсе де барлық ауыртпалықты көтеріп, елге қорған болып жүрген әріптестерім де жетерлік. Олардың еңбегін халық оң бағалап, алғысын білдіруде.
– Ішкі істер министрлігі біраздан бері полицияның сервистік моделі жайында айтуда. Сервистік модель дегеніміз не?
– Мемлекет басшысы ішкі істер органдарын жаңғыртудың басым бағыттарын айқындап, қауіпсіздікті қамтамасыз етудің сервистік моделін енгізуді тапсырған еді. Полиция қызметін реформалау аясында елімізде алғашқы болып 2019 жылы Қарағанды қаласында пилоттық жоба қолға алынды. Басты мақсат – пилоттық жобаның мәселелерін жан-жақты зерттеу және қоғамдағы күрделі мәселелерді шешуге жергілікті қауымдастық пен мемлекеттік органдарды барынша тарту. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін Қарағанды облысы әкімінің тапсырмасы бойынша ведомствоаралық комиссия құрылып, оның жарғысы бекітілген. Комиссия құрамына облыс әкімдігінің, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау салаларының, прокуратура, полиция, ІІМ академиясы және Қоғамдық кеңес өкілдері енді. Олар жұмыс барысында ақпарат жинайды, мәселені зерттейді, соған сай әрекет етеді және бағалайды.
Біз сервистік модельді енгізу арқылы қарапайым тұрғындарды қылмысқа қарсы күреске жұмылдыра аламыз. Мәселен, қазіргі таңда учаскелік полиция қызметкерлерінің тұрғындармен кері байланысын қалыптастыру мақсатында әлеуметтік желілерде арнайы чаттар ашылды. Қарағанды қаласы бойынша 25 мың тұрғынды қамтитын 197 чат бар. Онда учаскелік полиция қызметкерлері тұрғындарға қылмыстың алдын алу бойынша ақпараттар жібереді және қандай да бір құқықбұзушылықтар бойынша ақпарат алмасады. Бұдан бөлек кибереріктілер жасағы құрылды. Қазіргі таңда оның құрамында компьютер бағдарламаларын жақсы меңгерген 49 ерікті бар. Осының нәтижесінде азаматтарға аудио және видеобайланыс арқылы хабарласуға мүмкіндік беретін қосымша іске қосылды. Қарағанды қаласы бойынша мұндай шұғыл байланыстың 7 терминалы жұмыс істеп тұр.
Бұл жерде ерекше айта кететін дүние – бұл жоба тұрғындар тарапынан белсенділік болған кезде ғана сәтті жүзеге асып, өз жемісін береді. Халық полицейден қорықпай, қайта қылмысқа қарсы күресте оған қолғабыс көрсетуі тиіс. Өйткені полиция – жазалаушы емес, қорғаушы құрылым.
– Әрине, полицияның басты міндеті – халықты қылмыстық элементтерден қорғап, қоғамдық тәртіпті сақтау. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда? Қылмыс көрсеткіші азайды ма?
– Егер статистикалық деректерге көз салсақ, Қарағанды облысында тіркелген қылмыстардың (5 483 іс) 48,8%-ы Қарағанды қаласына тиесілі екен. Біз қылмыстың алдын алу және оған қарсы күрес бағытында қарқынды шараларды қолға алдық. Соның нәтижесінде қылмыстық істер 13,8%-ға, ал ауыр және аса ауыр қылмыстар 10,1%-ға азайды. Құқықбұзушылықтың азаюына бейнебақылау камералары да айтарлықтай үлес қосып отыр. Қаламызда жол қиылыстарында, қоғамдық орындарда, аулаларда және оқу орындары маңында 4 487 бейнебақылау камерасы орнатылған. Осының нәтижесінде істелген қылмысты ізін суытпай ашу және бұлтартпас дәлел ұсыну мүмкіндігі артты. Әрі қылмыстың алдын алу көрсеткіші де айтарлықтай өсті.
– Қоғамда қылмыс санын азайту үшін не істеу керек? Қандай амалдар жасаған дұрыс?
– Қылмысқа қарсы күрестің басым бағыттарының бірі – алдын алу. Бұл ретте негізгі күш учаскелік полиция қызметкерлеріне түседі. Өйткені қылмыстардың көпшілігі тұрмыс жағдайында жасалады ғой. Әрі жергілікті бұзақылар мен күмәнді азаматтар туралы ақпарат ең алдымен сол учаскеге жауапты мамандардың қолына түседі. Елімізде кейінгі жылдары учаскелік полиция инспекторларының жұмысын күшейту шаралары қолға алынды. Олардың айлық жалақылары көбейтіліп, ресурстық және штаттық тұрғыда күшейту шаралары қабылданып жатыр. Сондай-ақ, әлгінде айтып өткенімдей, қоғамдық тәртіпті сақтауға қаланың белсенді азаматтары да тартылуда. Тағы бір атап өтерлігі – Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, ұсақ бұзақылықтарға мүлдем төзбеу ұстанымы енгізілуде. Яғни бейсауат тасталған темекі тұқылы, сынған орындық пен түнгі шу тәрізді бұзақылық әрекеттердің бәрі дер кезінде анықталып, тоқтау салынады. Өйткені мұндай ұсақ тәртіп бұзуға дер кезінде қарсы әрекет жасалмаса, соңы үлкен қылмыстарға ұласуы мүмкін. Бұл – ғылыми тұрғыда дәлелденген дүние. Әлеуметтану ғылымында «Сынған әйнек» теориясы бар ғой. Яғни қоғамдағы үлкен қылмыстың жолын кесу үшін ең алдымен ұсақ бұзақылықтарды тоқтату керек.
– Қылмыстың үлкен-кішісі болмайтыны анық. Десек те алаяқтық фактілерінен азаматтардың көп зардап шегіп, соңы қайғылы жағдайларға ұласып жататыны бар. Бұл бағытта қандай жұмыстар істелуде?
– Иә, дұрыс айтасыз. Дәл қазір интернет-алаяқтық мәселесінің өзектілігі артып отыр. Онымен күресудің басты тәсілі – халықты сақтандыру. Біз қаладағы барлық кинотеатрда, көшедегі LED экрандарда алаяқтықтың осы түрі туралы және одан сақтану жайлы видеороликтер көрсетуді қолға алдық. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарында ақпараттық материалдар жариялап, ұйымдарда, жоғары оқу орындарында кездесулер өткізіп жатырмыз. Бұл өзінің нәтижесін де берді. Қазіргі таңда интернет-алаяқтарға алданып қалған азаматтардың саны 17,2%-ға азайды. Бұл біздің дұрыс бағытта екенімізді көрсетеді. Қарқынды шаралар жалғасын табады.
– Аймағымызда жол-көлік оқиғалары жиілеп, адам өлімі бойынша антирекорд тіркелді дейді. Жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету қалай жүзеге асуда?
– Биылғы алғашқы жартыжылдықта қала аумағында 50 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 38,8%-ға аз. Әйтсе де, өкінішке қарай, адам өлімі бойынша көрсеткіш 45,5%-ға (былтыр 11% еді) өсіп кетті және 43 адам жарақат алған. Біздің қызметкерлер жылдың алғашқы 5 айында 37 960 хаттама толтырды. Ол бойынша 476 млн 875 мың 289 теңге көлемінде айыппұл төленуі тиіс. Қазіргі таңда оның 332 млн 994 мың 382 теңгесі қазынаға төленген. Көлік жүргізушілеріне жол ережесін қатаң сақтау қажеттігі ескертілуде. Бұл бағытта кешенді жұмыстар жүргізіп жатырмыз.
– Думан Рамазанұлы, уақыт бөліп маңызды ақпараттармен бөліскеніңіз үшін алғыс айтамыз.
– Оқасы жоқ. Мен сіздердің алаңды пайдалана отырып полиция қызметін жетілдіру, қоғамдық тәртіпті сақтау мен қылмыстың алдын алу жұмыстары бойынша тұрғындардың ұсыныс-тілектері толық ескерілетінін айта кеткім келеді.
Әңгімелескен: Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ