Достық пен мейірімнің жарысы
Әйелдер Қанатының ұйымдастыруымен және доктор Аскаров клиникасының қолдауымен «Балаға уақыт бөл» акциясы аясында «Көңілді старт» атты балаларға арналған спорттық іс-шара өтті. Бұл шара – қалыпты дамитын және мүмкіндігі шектеулі балалардың, сондай-ақ олардың ата-аналарының бірлескен мерекесі әрі қоғамдағы толеранттылық пен қамқорлықты насихаттаудың айқын үлгісі.
Шараға қатысушылардың барлығы – балалар мен олардың ата-аналары – ерекше жылы атмосферада кездесті. Әсіресе, спорттық жарыста балалардың арасындағы достық пен өзара қолдаудың көрінісі көптің жүрегін елжіретті. Үш баланың жүгіріс сәті ерекше есте қалды: олардың екеуі мүмкіндігі шектеулі болса, бірі қалыпты дамитын бала. Жарыс барысында артта қалып қойған балаға қалыпты дамитын бала қайта оралып, қолынан ұстап бірге мәреге жетті. Бұл – шынайы достық пен адамгершіліктің көрінісі ретінде көпшілікті тәнті етті.
«Балаға уақыт бөл» акциясы балалардың тең мүмкіндіктерге ие болуын, олардың жан-жақты дамуын қамтамасыз етуді мақсат етеді. Бұл іс-шара – мейірімділік пен қамқорлықтың нақты көрінісі ғана емес, сондай-ақ балалардың өзін-өзі сенімділікпен сезінуіне және қоғамға толерантты көзқарасты қалыптастыруға септігін тигізеді.
Акция аясында үздік дәрігерлердің тегін қабылдауы ұйымдастырылып, ерекше балалар мен олардың отбасыларына медициналық кеңестер мен қажетті ем-шараларға жолдама беру мүмкіндігі берілді. Бұл – балалардың денсаулығын жақсартуға бағытталған маңызды бастама, әрі ата-аналарға сенімді қолдау болып табылады.
Әйелдер Қанаты мен доктор Аскаров клиникасының бірлескен әрекеті – бұл нағыз жанашырлық пен адамгершілік үлгісі. «Балаға уақыт бөл» акциясы мейірімділік пен достықтың, қамқорлық пен қолдаудың басын қосқан ерекше жоба ретінде қоғамда жоғары бағаланып келеді. Осы шара арқылы біз әр баланың бақытты әрі толыққанды өмір сүруіне үлес қоса аламыз.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»