Домбыра – ұлт мақтанышы

Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра. Өнерге жаны жақын 44803 әскери бөлімінің С-300 зениттік-зымырандық дивизионының сарбаздары домбыра-пати ұйымдастырған болатын. Белсенді жастардың бас қосуын әскери бөлім қызметкерлері үлкен қошеметпен қабылдады. Осымен екінші мәрте ұйымдастырылып отырған шара көрермендерін де жинап үлгерген.

Шараның ерекшелігі – сол: домбыра құлағында ойнар кез келген сарбаз орындалып жатқан туындыны іліп әкетіп жалғастыруы тиіс. Әр сенбі-жексенбі сайын жиналып ән шырқап, күй шертіп, жыр төгіп, терме айтатын бір топ белсендінің бастамасын «Домбыра кеші» деп те атауға әбден негіз бар екенін айтады шараны ұйымдастырушылардың бірі, С-300 зениттік-зымырандық дивизион командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, майор Рамазан Бахтияров.

– Шараның мақсаты – домбыра үнін жоғалпай, күмбірлеген күй мен сазды әуендерді домбыраның құлағында ойнап, сарбаздарға қазақ халқының киелі аспабын ұлықтап, жастардың қасиетті аспапқа деген құлшынысын ояту. Ұлы мұрамызды ұлықтайтын домбыра кешінде жігіттер «Жастар күйі», «Балбырауын», «Адай», «Ерке сылқым» күйлерін тебіренте орындады, – деп атап өтті ҚР Қорғаныс министрлігі Әуе қорғаныс күштеріне қарасты 44803 әскери бөлімінің С-300 зениттік-зымырандық дивизион командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, майор Рамазан Бахтияров.

Қазақ өнерін насихаттауға жиналған бұл жастар еліміздің әр аймағынан келген. Кәсіби әнші емес демесеңіз, бәрі дерлік – «сен тұр, мен атайын» күміс көмей әнші, серілер.

– Бабаларымыздан ұлықталып келе жатқан аспап ешқашан құндылығын жоғалтқан емес. Бүгінде ұлттық аспапты қолға алып, ән-күймен әскери бөлімді думанға бөлеп жатырмыз. Көненің көзі, асылдың сөзі іспеттес қасиетті аспабымызды ұлықтап жүре берейік, – дейді қатардағы жауынгер Талғат Нұрғалиев.

Алғашқыда өзге ұлт пен ұлыстың көзқарасына таңсық көрінген домбыра-патидің әскери бөлімде екінші рет өткізілуі сарбаздарға ұнап келе жатқанын айтады көзі қарақты көрермен әрі шараны ұйымдастырушы Рамазан Бахтияров. Аңсат Закван, Ертай Айбек, Төлеген Әлихан, Талғат Нұрғалиев, Қуан Тілеген, Мадияр Ермекбаев секілді қатардағы жауынгерлердің домбыра қағысы талайды таң қалдырғаны анық, нәтижесінде аталмыш әскери бөлімде домбыра шертіп, ұлттық өнерге қызығушылық танытқан Сергей Певкин мен Свистич Данил да бар. Тұрақты көрермен мен өнерпаздарды жинаған домбыра кеші өміршеңдігін дәлелдеп берді.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ, «QH»