Домбыра – ұлт қазынасы

Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік шара Қарағанды қаласында жүздеген өнерпаздың басын қосты. Сәкен Сейфуллин атындағы Академиялық қазақ драма театрының алдындағы алаңда өткен «Домбыра – ұлт қазынасы» атты акция барысында кәсіби күйшілер мен жас орындаушылар бір сахнада өнер көрсетіп, ұлттық мұрамызға деген құрметтерін паш етті.

Мерекелік шараға Тәттімбет атындағы қазақ халық аспаптары академиялық оркестрі, музыка мектептерінің оқушылары, студенттер, оқытушылар және домбыра өнеріне қызығушылық танытатын әуесқой орындаушылар қатысты. Сондай-ақ кештің құрметті қонағы ретінде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор, күйші-композитор Тұрар Әліпбаев арнайы келді.

Концерт бағдарламасы Тәттімбет атындағы қазақ халық аспаптары академиялық оркестрінің орындауындағы Құрманғазының «Балбырауын» күйімен басталды. Бұдан кейін сахнаға шыққан өнерпаздар қазақтың күй өнерінен түрлі шығармаларды орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Ары қарай Құрманғазының әйгілі «Адай» күйінің жаппы орындалуы болды. Жүздеген домбырашы оркестр сүйемелдеуімен бір мезетте күй шертіп, театр алдындағы алаңды күй әуеніне бөледі. Әр буынның өкілдері бір сахнада бас қосып, ұлттық өнердің өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

– Бүгінде ұлттық аспапты үйренуге ниетті балалардың қатары көбейіп келеді. Мемлекет тарапынан да бұл бағытқа ерекше қолдау көрсетіліп, балалардың домбыраны тегін меңгеруіне мүмкіндік жасалған. Соның нәтижесінде түрлі ұлт өкілдерінің балалары қазақтың қасиетті аспабында еркін ойнап жүргенін көріп жүрміз. Домбыра олар үшін тек музыкалық аспап емес, қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін танытатын құндылыққа айналып келеді. Бұл – ұлттық мұрамыздың келер ұрпаққа жалғасуының жарқын көрінісі. Барша қазақстандықтарды Ұлттық домбыра күнімен құттықтаймын, – деді белгілі күйші Тұрар Әліпбаев.

Мерекелік шараға қатысқан жас домбырашылардың бірі – 13 жастағы Злата Тарадина. Ол бес жылдан бері №2 Оқушылар сарайындағы «Ата толғауы» үйірмесінде ұлттық аспапты меңгеріп келеді.

– Домбыра үйірмесіне баруға ата-анам кеңес берді. Ұстазым Бибігүл Тілеуханованың жетекшілігімен бірнеше күй үйрендім. Қазір түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрмін. Домбыра тарту маған ерекше ұнайды, ол өмірімнің маңызды бір бөлігіне айналды, – дейді жас өнерпаз.

Шара барысында ұйымдастырушылар ұлттық өнерді насихаттау, жастардың домбыраға деген қызығушылығын арттыру және қазақтың күй өнерін кеңінен дәріптеу бағытындағы жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.

Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік кеш соңында жүздеген домбыраның үні бір арнаға тоғысып, қала тұрғындарына ерекше рухани әсер сыйлады. Мерекелік науқан қазақтың күй өнерін ұлықтап қана қоймай, ұлттық мәдениеттің ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан өміршең дәстүр екенін тағы бір мәрте айқын көрсетті.

Ералы ҒАНИ,

«QH»