Домбыра күні қалай тойланды?
Қарағандыда Ұлттық домбыра күні кең көлемде аталып өтті. Қалалық әкімдіктің қолдауымен ұйымдастырылған мерекелік шаралар бір аптаға созылып, оған 2200-ден астам тұрғын қатысты. Осы уақыт ішінде қала тұрғындары концерттерді тамашалап, көрмелерге қатысып, күй өнерін насихаттауға бағытталған түрлі мәдени жобалардың куәсі болды.
Мерекелік бағдарлама аясында «Домбыра үні» челленджі, «Күй күмбірі қалада» акциясы, шығармашылық кездесулер, көрмелер мен концерттер ұйымдастырылды. Сонымен қатар домбыра үйренгісі келетін қала тұрғындары үшін тегін оқыту жобасы жүзеге асырылды. Жобаға 50 тұрақты қатысушы қатысып, ұлттық аспапта ойнаудың қыр-сырын меңгерді.
Ұлттық домбыра күніне арналған шаралардың ең әсерлі сәттерінің бірі – қаладағы ауқымды флешмоб болды. Оған 300 жас домбырашы қатысып, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Асылбек Еңсеповпен бірге қазақтың әйгілі күйлерін орындады. Бір сахнада бірнеше буынның басын қосқан өнер мерекесі ұлттық мұраның сабақтастығын айшықтап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Мереке аясында қаланың кітапханаларында да арнайы бағдарламалар ұйымдастырылды. Көрмеге қазақтың күй өнері, домбыра тарихы, ұлттық мәдениет пен дәстүрге арналған кітаптар қойылып, келушілерге таныстырылды.
– Ұлттық домбыра күніне орай арнайы кітап көрмесін ұйымдастырдық. Мұнда домбыраның тарихы, күй өнері мен ұлттық мәдениет туралы әдебиеттер ұсынылған. Сонымен қатар кітапханамыздың барлық 20 филиалы көрсетілген арнайы карта қойылды. Соның көмегімен тұрғындар өздеріне жақын орналасқан кітапханаға тіркеле алады. Мұндай көрмелер оқырмандардың рухани дүниесін байытып, кітап оқуға деген қызығушылығын арттырады, – дейді М.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапханасының кітапханашысы Айтолқын Жанабай.
Мерекелік шаралар тек мәдениет ошақтарында ғана емес, қаладағы сауда орталықтарында да жалғасты. Қала әкімдігінің қолдауымен Global City, «Таир» және ЦУМ сауда үйлерінде «Арқа сазы» фольклорлық ансамблінің қатысуымен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды.
Өнерпаздар халық әндері мен күйлерін орындап, сауда орталықтарына келген тұрғындарға мерекелік көңіл күй сыйлады. Көпшілік ұлттық киім киген әртістердің өнерін қызыға тамашалап, домбыраның қоңыр үніне бірге үн қосты.
Қала тұрғыны Әлішер Жанболатұлы күтпеген жерден куә болған концерттің ерекше әсер қалдырғанын айтты.
– Сауда орталығына өз шаруаммен келген едім. Осындай әсем концертті көремін деп ойлаған жоқпын. Ұлттық киімдегі өнерпаздардың орындауындағы күйлер мен әндер ерекше әсер сыйлады. Домбыраның үнін тыңдап, өзім де осы аспапта ойнауды үйренсем деген ой келді. Осындай шаралар ұлттық өнерді жастарға жақындата түседі деп ойлаймын, – дейді қала тұрғыны.
Апта бойы өткен мерекелік бағдарламалар ұлттық өнерді кеңінен насихаттап қана қоймай, әртүрлі жастағы қала тұрғындарының басын бір арнаға тоғыстырды. Мұндай мәдени бастамалар ұлттық мұраны дәріптеуге, жас ұрпақтың дәстүрлі өнерге қызығушылығын арттыруға және домбыраның қоғамдағы орнын нығайтуға бағытталған.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

