Доңғалақ үшін айыппұл салынады

Желтоқсан, қаңтар және ақпан айларында жазғы шинамен жүруге тыйым салынды. 1 желтоқсаннан бастап дөңгелегін ауыстырмаған жүргізушілер айыппұл арқалайды. Бұл ережені бұзғандарға бес АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылды.

2021 жылдың 10 айында Қарағанды қаласында 136 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 27 адам қаза тауып, 129-ы әр түрлі ауырлықтағы жарақат алған. Қарағанды қаласының полиция басқармасы ЖПҚБ бастығы Бауыржан Қараханұлының айтуынша, он айда тіркелген жазатайым оқиғалардың негізгі түрлері – жаяу жүргіншілерді қағу (76 факт) және көліктердің соқтығысуы (40 оқиға). Жол-көлік оқиғалары көп жағдайда реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелдері мен қиылыстардағы қозғалыста орын алады. Жол-көлік оқиғаларын жиілетер екінші себеп – жылдамдықты шектен тыс асыру (84 факт). Үшінші себеп – велосипедшілермен қақтығысу (7 факт). Қоғамдық көліктердің қатысуымен 21 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, онда 17 адам зардап шегіп, 6 адам қаза тапқан. Жыл басынан бері жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында Қарағанды қаласы ПБ жеке құрамы 61 474 жол қозғалысы ережесін бұзудың алдын алды. Он ай ішінде Қарағанды қаласының аумағында қоғамдық тәртіпті сақтау, көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 18 жеделпрофилактикалық іс-шара өткізілді, оның ішінде «Автобус», «Қауіпсіз жол», «Құқықтық тәртіп», «Жолдағы қауіпсіздік», «Мотоциклші», «Назар аударыңыз, балалар», «Мас жүргізуші», «Жолдағы жануар» деген атаумен түрлі акция, жедел алдын алу шаралары ұйымдастырылған. Жолаушыларды тасымалдауды жүзеге асыратын кәсiпорындардың әкiмшiлiгiмен, қоғамдық көлік жүргiзушiлерімен 78 жұмыс кездесуі өткізілді.

Жолдағы бақытсыздықты бәсеңдетуде жүргізуші жауапкершілігі ғана қамтылса, ол аздық етеді. Қозғалыс қауіпсіз болуы үшін жолдың да талапқа сай болғаны абзал. Сол себепті де Қарағанды қаласы жол техникалық инспекциясының қызметкерлері жолдарды күтіп ұстау, көшелерді жарықтандыру және көлік қозғалысын ұйымдастырудың техникалық құралдары бойынша кемшіліктерді анықтау мақсатында облыс орталығының жол желісіне тексеру жүргізіп тұрады. Жыл басынан бері ұзындығы 27 584 шақырымды құрайтын жол желілеріне 64 зерттеу жүргізілді. Оның барысында Қарағанды қаласының жол желісін, жарықтандыруды және көлік қозғалысын ұйымдастырудың техникалық құралдарын қанағаттанарлықсыз ұстағандарға қатысты 510 ұйғарым шығарылды. Лауазымды тұлғаларға қатысты 70-тен астам әкімшілік хаттама толтырылды. Мұның бәрі жолда болар қайғылы оқиғалар қатарын азайтудың амалы екені белгілі. Өкінішке орай, бұл көрсеткіш қыс айларында тым артып кетеді. Сондықтан жол полициясы 1 желтоқсаннан бастап жүзеге асар жаңа талапқа қазірден қам қылып, табандап кіріскелі отыр.

Нормативтік құжатқа сәйкес, маусымдық шина ауыстыру – жөлкөлік апатының алдын алу амалы. Көлік құралдарының техникалық регламенті жазғы шиналарды қыс мезгілінде және тікенекті шиналарды жазда пайдалануға тыйым салады. Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы, сондай-ақ шиналар протекторының тереңдігі бойынша шектеу енгізеді. Қысқы резинадағы протектордың биіктігі 4 мм болуы тиіс, доңғалақтардың ішінде қар ұшқыны бар тау шыңы түріндегі белгімен, сондай-ақ «М+S», «M&S» және «MS» таңбаларымен таңбалануы тиіс. Қысқы резеңкелік қаптама көліктің төрт доңғалағында да болуы шарт. Доңғалақтарын ауыстырып үлгермегендер 1 желтоқсаннан бастап айыппұл төлейді. Бұл жаңашылдықты жүргізушілер оң қабылдап жатыр. «Қыстағы көктайғақтан сақтану, жолдағы бақытсыздықты болдырмау үшін бұл – дұрыс талап. Көлікке де осы таңдауды жасау әркімнің өз қауіпсіздігі үшін қажет», – дейді темір тұлпар тізгіндегендер.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,

QH.