Диетадан кейін салмақты қалай сақтап қалуға болады?
Кейде арықтағаннан кейін салмақты ұстап қалу артық салмақтан арылу процесінен де қиын. Біреулер тұрақты салмақты жылдар бойы қалыптасып қалған зиянды тағамдық әдеттерінің себебінен ұстай алмаса, басқалар диетаны дұрыс таңдамайды.
Диета арқылы артық салмақтан арылу – үлкен жетістік, бірақ оны сақтап қалу одан да маңызды. Көптеген адамдар диетадан кейін қайта салмақ жинап, бұрынғы қалпына келіп жатады. Бұл жағдайдың алдын алу үшін бірқатар қағидаларды сақтаған жөн.
– Сол нормада сақтап тұру үшін, дұрыс тамақтануды жалғастыру керек. Салауатты өмір салтын ұстану маңызды. Аз аздан жиі тамақтану керек, – деп кеңес береді диетолог, фитнесс-жаттықтырушы Баян Жүзбаева.
Диетолог маман осы қағидаларды сақтайтын болса, ешқандай да артық салмақ қосылмайтындығын айтады. Керісінше денсаулыққа да оң әсерін тигізіп, ағзаның бір қалыпты жұмыс жасауын қамтамасыз етеді. Егер салмақты баяу әрі жүйелі түрде тастасаңыз, оны ұзақ уақыт бойы сақтап қалу жеңілірек болады. Диетадан кейін калорияны күрт көбейтіп, бұрынғыдай тамақтануға қайта оралу денеге кері әсерін тигізеді. Диета кезінде де, одан кейін де калория көлемін біртіндеп өзгертіп, тамақтану рационын бақылаған дұрыс. Диетадан кейін физикалық белсенділікті тоқтатпай, аптасына кем дегенде 3-4 рет жаттығу жасауды жалғастырыңыз. Ал жаттығуды мүлде жасамасаңыз, ақырындап өмір салтыңызға еңгізгеніңіз дұрыс.
– Бұрын жаттықпасаңызда да, спортқа көңіл бөлу керек, таңғы жаттығуды жасауды әдетке айналдырыңыз. Жаттығу залына барыңыз, қазіргі кезде әрбір спорт залда тренерлер болады, көрсетеді, үйретеді, – дейді Баян Жүзбаева.
Ал, су – метаболизмнің дұрыс жұмыс істеуіне қажет маңызды элементтердің бірі. Көптеген адам шөлді аштықпен шатастырып, артық тамақтанып жатады. Күніне кем дегенде 1,5-2 литр таза су ішіп тұру денеңізді ылғалдандырып, аштықты басуға көмектеседі, дейді маман. Диетадан кейін салмақты тұрақты ұстап қалу – тәртіп пен жауапкершілікті талап ететін үдеріс. Дегенмен, бұл денсаулық пен өзіңізге деген сенімділікті сақтауға көмектеседі. Жоғарыда көрсетілген кеңестерді ескеріп, дұрыс тамақтану мен физикалық белсенділікті күнделікті әдетке айналдырсаңыз, дене бітіміңізді ұзақ уақыт сақтап қаласыз.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»