ДЕПУТАТТАР НЕМЕН АЙНАЛЫСУДА?

Қарағанды қалалық мәслихаттың хатшысы Құдайберген Бексұлтановтың девизі — «Сын түзелмей мін түзелмейді». Халық қалаулыларының ішінде елге ашық, әлеуметке жақын тұлғаны Қарағандыда білмейтін жан жоқ. Құдайберген Бексұлтанов бастаған депутаттық корпус қалада болып жатқан оқиғалардан тыс қалған емес. Бірде, жөндеу көрмеген көшелерді аралап жүрсе, бірде жертөлесін су басқан үйлердің тұрғындармен кездесіп, құрылысшылардан сапалы жұмыс талап етеді. Халық қалаулысымен Қарағанды қаласындағы басты мәселелер, жаңа сайланған депутаттық құрам туралы әңгімелестік.

— Құдайберген Бексұлтанұлы, бүгінгі таңда қандай мәселелер депутаттарды алаңдатады?
— Дәл қазіргі уақытта депутаттарды қар еріп, жауын-шашын көбейгенде үйлерді су басып, шайып кетпей ме деген қауіп алаңдатады. Өзіңіз білесіз, Қарағандыда жер үй секторында көбіне қария адамдар тұрады. Оларға қамқорлық керек. Қыстың соңында күн күрт жылып, тоң жібіді. Кейін бірден суытқанда тоң қатып қалды. Енді еріген қар жерге сіңбей, жылға-жылғамен ағып, жер үйлерді басып қалуы мүмкін. Кейін бұл дымданған үйлер жарамсыз болып қалады. Күрделі жөндеуді талап етеді, қосымша шығын деген сөз. Әрі сыз қабырғалар тұрғындардың денсаулығына қауіпті. Біз осы қауіптің алдын алу үшін қандай көшелерді су басу қаупі бар, қызыл суды бөгеу үшін қандай бөгеттер салу керектігін ба- қылауда ұстап отырмыз. «Қарағанды қаласында су тасқынының алдын алу» аясында жақында ғана құрылыс, көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі мәслихаттың тұрақты комиссиясы қаланы аралап, танысып қайтты. Су тасқыны кезінде тұрғынүйлерді, автомобиль және теміржолдарды, инфрақұрылым нысандарын су басып қалмау үшін уәкілетті органдарға қар полигондарын технологиялық бақылауда ұстауды ұсынды. Қар полигондарының зираттарға дейінгі қашықтық нормативтерін сақтауға ерекше назар аударды. Су тасқыны қаупі бар учаскелерге шығу дәстүрге айналған. Мәселен, өткенде Сұрыптау бекетінің Жұмысшы кентін су басу мәселесі талқыланды. Айналма арнаның шайылуы республикалық маңызы бар жолдың құлау қаупін тудыруы мүмкін. Осыған байланысты депутаттар уәкілетті органға Көкпекті өзені арнасының жағаларын бетон плиталарымен нығайта отырып, арнаны толық қайта жаңарту жобасын әзірлеуді ұсынды. Ал, ЖЭО-3 күл үйіндісін одан әрі көбейту орынсыз, бұл нысан үшін жаңа алаңды игеру қажет деген ұсыныс жасадық. Қалалық мәслихаттың депутаттар корпусы халықпен бірге.
— Қарағанды қаласының тұрғындары қаланы басқан қара түтінге жиі шағымданады. Қала экологиясына қатысты депутаттар мәселе көтерді ме?
— Қарағанды экологиясын ушықтырып отырған екі мәселе бар. Біріншісі – жер үйлерден шыққан түтін. Тымырсық күндері қалада дем алатын ауа қалмайды. Қарағандыда 24 972 жеке сектор үй мен 221 КПТҮ қатты отынмен жылытылады. Жылыту маусымында орташа есеппен 290 мың тонна көмір жағылады. Қаланы қою түтіннің басып қалуы қаладағы ЖЭО-1 және ЖЭО-3 станцияларына да қатысты. Олар жылына 3 млн 500 мың тонна көмір тұтынады. Станция қазандықтарында күлтұтқыш 99,8% электр сүзгіштер орнатылған. Шығарындылар автоматты датчиктермен бақыланады, сондай-ақ экология департаменті тұрақты негізде мониторинг жүргізеді. Дегенмен, жылыту пештерінен шыққан улы газ – қала экологиясының басты мәселесі. Қарағанды «Сарыарқа» газ магистралына қосылған кез- де экология жақсарады. Тұрғынүйлер газбен жылытуға көшкенде ғана мәселе өзінен өзі шешіледі. Екіншіден, Қарағандының экологиясын ластауға автомобильдерден шыққан газ да қомақты үлес қосуда. Қазір қала жолдарында таңғы және кешкі уақытта автокөліктер кептелісі болады. Қалада көліктер ағыны шамадан тыс көп. Сәйкесінше қала көшелері қара түтінге бөгіп, тұрғындардың денсаулығына зиянын тигізуде. Қазірдің өзінде Қарағанды арқылы күніне 20 мыңнан астам транзиттік тасымал өтеді. Бір машинадан тәулігіне 9 келі газ бөлінеді. Ал, қала арқылы өтетін транзиттік көліктер мен қалаішілік көліктерден тәулігіне жарты тоннаға жуық улы газ бөлінеді. Сол себепті қала билігі айналма жолдар салып, көлік ағынын азайтуға мүмкіндік ашып жатыр. Жақын арада үш автопарк жылжымалы құрамды жаңартуды жоспарлап отыр, 64 жаңа автобус сатып алынады. Қоғамдық көліктер жаңарғанда экологияға тарайтын улы газдар да азаяды.
— Тұрғындар мемлекеттік органдарға жүгінгенде мәселелері дер кезінде қаралмайтындығына шағымданады. Халық пен билік арасындағы көпір болуға тиіс депутаттардың осыған қатысты ұстанымы қандай?
— Қалалық мәслихат депутаттары уәкілетті органдардың азаматтардан түскен сауалдар мен өтініштерге немқұрайлы қарайтындығына наразы. Ол жауаптардың сапасы сын көтермейді, сондай-ақ оларды қарау мерзімдерін сақтамайды. Біз жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау туралы заң талаптарының сақталуын ұдайы тексереміз. Тексеру барысында анықталған барлық кемшіліктерді жариялаймыз. Мемлекеттік органдарда өтініштерді тіркемеу және жасыру фактілері орын алып жатады. Өтініштер 15 күнтізбелік күн ішінде қаралуы тиіс, қандай да бір қосымша материалдар қажет болған жағдайда тексеру 30 күнтізбелік күн ішінде жүзеге асырылады. Хаттарды қарау мерзімін бұзу фактілері де бар. Сондай-ақ, азаматтардың өтініштерін басқа органдарға уақытылы жібермеу де кездеседі. Біріншіден, ведомстволық бақылау болуы тиіс. Мемлекеттік органдарға жүгінген азаматтардың өтініштерін қарау сапасы халық сенімінің индикаторы. Алайда, қазіргі уақытта бұл жұмыстар тиісті деңгейде жүргізіліп жатқан жоқ. Қарағанды қалалық мәслихатының аппараты атқарушы органдарға азаматтардың өтінішіне мерзімінде және толық жауап беру қажеттілігі туралы бірнеше рет ескертулер жібергеніне қарамастан, қызметін дұрыс атқармайтын қызметшілер бар екені қынжылтады. Жауаптардың сапасыз жазылуы да халық наразылығын тудырады.
— Қарағандыда жолдарды жөндеу, бюджеттік үйлерді салу сапасы сын көтермейді. Бюжет бекітетін орган ретінде бөлінген бюджет қаржысының қалай игерілгенін депутаттар неге қадағаламайды?

— Қала жолдары – Қарағандының өзекті мәселелерінің бірі. Қалалық мәслихат депутаттары төселген жолдардың сапасы туралы бірнеше рет мәселе көтерді. Мәслихаттың салалық комиссия мүшелері халық өтініштеріне орай үнемі көшпелі жиындар өткізеді. Проблемалық обьектілерге барып, тұрғындармен кездеседі, пікірін тыңдайды. Қарағанды қаласының полиция басқармасы Әкімшілік полиция бөлімімен, «Қарағанды қаласының коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ бірлесіп рейдтерге шығамыз. 2020 жылдың 12 айында Қарағанды қаласының көше-жол желісінде жол көлік оқиғасына жүргізілген топографиялық талдау нәтижелерін талқыладық. Сондай-ақ, құрылыс объектілеріне «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жұмысқа тартудың қажеттілігін түсіндіреміз. Техникалық қадағалау кестесінің мерзімінде орындалуына назар аударамыз. Қандай жағдай болмасын технологияның бұзылуына жол берілмеуі керек, өйткені жолды жөндеу мен жаңа үйлерді салу қала үшін өте маңызды объектілер. Біз бұл мәселені бақылауда ұстаймыз, бас мердігерлерден орындалған жұмыстар туралы есептер талап етеміз. Себебі, күрдерлі жөндеу көрген кейбір жолдар аз уақытта жарамсыз болып қалады. Жолдарды күтіп ұстаумен айналыспайды, кездейсоқ қоқыстар жол жиегінде шашылып жатады. Көшпелі жиындардан кейін мердігерлерге қандай да бір ақауларды жою туралы ескертулер жібереміз. Егер, фирмалар оларды қысқа мерзімде жоймаса, онда жосықсыз мердігерлер ретінде қара тізімге енгізіледі және бұдан былай тендерлерге қатыса алмайды.
— Өткен жылы Қарағанды қаласындағы он көшенің атауын өзгерту туралы қоғамдық тыңдау өтті. Сол кезде қазақ тілін үйренуге қатысты қатты айттыңыз. Жалпы, өзіңіздің қазақшаңыз қалай?
— Әке-шешем ерте қайтыс болды. Әуелі интернатта, кейін училищеде орыс тілінде білім алдым. Қазақ тілін жиырма бір жасымда меңгеруге ден қойдым. Қазақша білетінмін, бірақ таза сөйлей алмайтын едім. Кейін жұмыста жүргенімде мені бөлектеп, әріптестерім өзара қазақша сөйлесетін болған соң намыстандым. Қарағанды көшелерінің ескірген атауларын өзгерту – толғағы жеткен дүние. Өткен жылы он көшенің атауын өзгерттік. Халықтың басым бөлігі қолдап дауыс берді. Биыл тағы да тыңдауға шығармақпыз. Барлығы заңды жолмен, белгіленген тәртіппен жүзеге асатын болады. Мен жалпы, мәдениеттілікті жоғары бағалаймын. Қандай жағдайда болсын тәртіп пен тәрбиеден аттамау керек. Ал, айтқан сөзіме келсем, шынымен де күніне бір сөзден үйренсе, күнделікті қарым-қатынас тілін меңгеруге болады. Тіл білу жаңа көкжиек ашады, білімді кеңейтеді. Адамдармен қарым-қатынас нығаяды.
— Биыл мәслихаттарьсайлауы өтті. Праймериз атты жаңа технология қолданылды. Қалалалық мәслихаттың құрамы жаңарды ма?
— Биыл мәслихат сайлауы арқылы құрамға жаңадан 20 депутат енді. Барлығы – 28 депутат. Жаңару үнемі жаңа көзқарасты, белсенділікті алып келеді. Мәслихат депутаттары халыққа қызмет етуді жалғастырады.

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,

«QN»