Депутаттар экологиялық ахуалға назар аударды
Қарағандыда қоршаған ортаның жай-күйіне қатысты мәселе ушығып тұр. Табиғаттың тозуы мен тазалықтың нашарлауына тұрғындар ғана емес, жергілікті өкілдер де алаңдаулы. Соңғы сессияда бұл түйткіл кеңінен көтерілді. Қарағанды қалалық мәслихатының XXXVIII сессиясында депутаттар экологиялық жағдай мен қоршаған ортаны қорғау мәселелерін көтерді. Ұсынылған есептерге қарамастан, халық қалаулылары уәкілетті органдардың жұмысына қатаң сын айтты. Қалада қоқыс үйінділерінің көбеюі, жасыл желектердің жойылуы және тиісті мекемелердің әрекетсіздігі тұрғындардың наразылығын туғызуда. Депутаттар бұл проблемаларды шешу үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігін алға тартты.
Жауапты мекемелер ағаш отырғызу және рұқсатсыз қоқыс үйінділерін жою бағытында нақты жұмыстар атқарылып жатқанын мәлімдеді. Алайда бұл есептер депутаттар тарапынан сынға ұшырады. Халық қалаулыларының айтуынша, ресми мәліметтер шынайы жағдаймен сәйкес келмейді: қоқыс полигондары азаюдың орнына көбейіп, отырғызылған ағаштардан гөрі кесілгені басым. Депутаттар есептердің тек формалды сипатта жасалып, мәселенің мәнін бүркемелейтінін алға тартты.
– Аэропортқа баратын жолда 900-ден астам тал егілген, көбі өліп қалған. Соның 100-ден астамы ғана тірі. Өзіңіз қараңызшы мысалы. Оның көбісі суарылмай жатыр, шыны керек. Көптеген миллиардтаған ақшаны жұмсап жатырмыз, ол жылдан жылға өліп қалып жатыр, – деді Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Шүкіржан Құлжамбеков.
– Қазан мен қараша айларында қала тұманды күйге еніп, халық та бірте-бірте үйреніп келеді. Осындай жағдайда сіздер белгілі бір саясат жүргізіп, түсіндіру жұмыстарын жасап, халықпен кездесіп жүрсіздер. Газға көшуге ынталандырып, иландырып жатқандайсыздар, – дейді қалалық мәслихат депутаты Әділ Ұпабеков.
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің ботаника кафедрасының оқытушысы Денис Сирман жасыл желектерді күтіп-баптау ісін заңнамалық тұрғыда нақты реттеу қажеттігін алға тартты. Ол қазіргі таңда Қазақстанда қолданылып жүрген нормативтер жеткіліксіз екенін айтып, бұл салаға байланысты нақты әрі тиімді стандарттар әзірлеу қажет екенін атап өтті.
– Қазіргі таңда басты мәселенің бірі – жасыл желектерді өз бетінше және бақылаусыз санитарлық немесе жасарту мақсатында кесу жұмыстары болып отыр. Біз бірқатар аумақта жүргізілген «жасарту жұмыстарына» мониторинг жүргіздік. Нәтижесінде тексерілген 12 нысанның бірде-бірінде жасыл желектерді зерттеу актілері де, оларға жұмыс жүргізуге рұқсат құжаттары да болмағаны анықталды, – деп атап өтті Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің ботаника кафедрасының оқытушысы – Денис Сирман.
Депутат Дидар Ахмадин уәкілетті органдардың өзара шұғыл және тиімді үйлестіруінің маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, рұқсатсыз қоқыс үйінділерінің алдын алуға бағытталған бірыңғай стратегияның болмауы, газдандыру жұмыстарының баяу қарқыны және жасыл аймақтарды күтіп-баптау талаптарының ескерілмеуі – қаланың экологиялық ахуалын күрделендіре түсуде.
– 2025 жылдың бірінші тоқсанынан бастап облыс орталығындағы атмосфералық ауаның ластану деңгейі өте жоғары. Яғни, ауа сапасы қанағаттанарлықсыз күйде. Ағаштарды кешенді отырғызу аясында жұмыстар дұрыс жүргізілмей жатыр. Топыраққа талдау жасалмайды, бұл отырғызылатын ағаш түрлерін анықтауда маңызды. Концепциялық отырғызудан кейін ағаштардың тіршілігін сақтау деңгейіне бақылау жүргізілмейді. Ауылдық жерлерде де ағаштарға тиісті күтімнің жоқтығынан олардың өсуі мен сақталуы нашар. Яғни, ағаштарға суару және күтіп-баптау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілмейді, – дейді Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Дидар Ахмадин.
Депутаттар жыл сайын бюджеттен қаражат бөлінетініне қарамастан, рұқсатсыз қоқыс үйінділерін жою жұмыстарының әлі де қанағаттанарлықсыз күйде қалып отырғанын атап өтті. Қоқыс шығарылғанымен, үйінділер қайта пайда болады. Бұл кешенді көзқарас пен жүйелі бақылаудың жоқ екенін көрсетеді. Сонымен қатар, халық қалаулыларының айтуынша, аудандық әкімдіктерде жасыл желектер картасы іс жүзінде жұмыс істемейді, дегенмен оны жүргізуге де жыл сайын қаражат бөлінеді. Депутаттар Қарағандыда әлі күнге дейін дендрологиялық жоспардың жоқтығын ерекше атап өтті. Бұл жасыл аймақтарды жоспарлау, қорғау және толықтыру үшін аса маңызды құжат.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»