Денсаулықты оңалту әдісі

Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға жылқы жануарының пайдасы қандай? Иппотерапия – заманауи медициналық тәжірибе, яғни атқа міну арқылы денсаулықты оңалту әдісі. Ал иппотерапияның арқасында адамды аяғынан тұрғызуға бола ма?

Иппотерапия процесіне жылқы арнайы таңдалады. Ол үшін жануар аласа бойлы, күйлі, сүйекті және жуас болуы тиіс. Жануармен бірге атбегі және арнайы нұсқаушы мамандар иппотерапия процесіне қатысады. Бұл ем-дом шарасы бірнеше жылдан бері аутизм, церебралды сал ауруы және басқа да сырқаты бар кішкентай науқастарды оңалтуға ықпал етеді.

– Біздің Бумер жуас. Ал атқа мінетін балалар әр түрлі болады. Нұсқаушы мен жылқыға әр түрлі қарайды. Олар айқайлап, қатты сөйлеп, тіпті жылқыны шымшып, ұруы да мүмкін. Сол үшін жылқының жуас болуы аса маңызды. Бала тарапынан болатын іс-әрекеттен жануар үркімеуі тиіс. Тек қана атбегі мен арнайы нұсқаушының командасын тыңдауы керек, – дейді нұсқаушы әрі иппотерапевт Ксения Величко.

Бумер есімді жануар алғашқыда мұндай жуас болмаған. Оны тәрбиелеп, баптап өсірген. Қазір оның жанына кішкентай балалар еш қорықпастан бара береді. Иппотерапияда атбегілер жылқыны басқарады, ал нұсқаушы баламен қарым-қатынас жасайды және оны жылқымен тығыз байланыста болуға үйретеді. Ден қоярлығы – иппотерапия кезінде атқа жайдақ мінеді. Пациенттер атқа мініп әр түрлі жаттығу жасайды. Солардың бірі – алға иілу. Бұл тәсіл жылқы қозғалысын сезіну үшін жасалады. Сондай-ақ қолды көтеру, көлденең жату секілді тепе-теңдікті дамытуға, жақсартуға арналған жаттығулар бар. Мұндай медициналық тәжірибе психикалық бұзылуларға да көмектеседі, жылқымен байланыс релаксация мен тыныштық сезімін береді. Балалар жаттығу жасаумен ғана шектелмей, жануармен қарым-қатынас жасауға да уақыт арнайды. Иппотерапиядан жедел нәтиже күтуге болмайды. Барлық сырқатты бірден емдейді деп ойламаңыз. Дегенмен иппотерапия – түрлі аурудың формасын жеңілдетудің тиімді әдісі. Жаттығу кезінде барлық буын мен бұлшық ет жұмыс істейді.

– Менің тәжірибемде туылғаннан есту, көру мүшесінен айырылған және өздігінен қозғала алмайтын бала болған. Иппотерапиямен айналысқаннан кейін ол бала алғашқы қадамдарын басқанын өз көзіммен көрдім. Бірақ алғашқыда ол жүрмек түгілі, оның қалай жасалатынын білмеген еді, – дап атап өтті Ксения Величко.

Қарапайым адамға мұндай жаттығулар оңай көрінеді, дегенмен ерекше балаға кез келген дағдыны түсінуге және игеруге көп күш салу керек. Иппотерапия көрсеткендей, кез келген прогресс қазірдің өзінде үлкен нәтиже саналады.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ, «QH»