Денсаулық сақтау жүйесі: 2025 жылдың қорытындысы және 2026 міндеттері

Өңірде 2025 жылғы денсаулық сақтау жүйесінің жұмысы қорытындыланды. Облыс әкімінің орынбасары Ораз Тәуірбековтің төрағалығымен өткен кеңейтілген алқа отырысына денсаулық сақтау басқармасының, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалының, медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеттері департаменттерінің, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдарының, салалық кәсіподақ өкілдері мен медициналық ұйымдардың басшылары қатысты.

Жиында медициналық сақтандыру жүйесінің жұмысы, 2025 жылдағы қаржыландыру көлемі мен кездескен қиындықтар талқыланды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалының директоры Фазыл Копобаев облысқа бағытталған қаражат көлемі, оң динамика және 2026 жылға арналған міндеттер туралы баяндады.

Жалпы алғанда, сақтандырылмаған тұрғындар санының азаюы байқалды. Әлеуметтік әл-ауқаты төмен азаматтар мен жұмыссыздар үшін МӘМС жарналары жергілікті бюджет есебінен төленіп, қаңтар айында 51 887 адам медициналық көмек алуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар МӘМС жүйесіне аударылған қаржы көлемі 65,6 млрд теңгеге жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 9%-ға өскен.

Қабылданған шаралар облыстың денсаулық сақтау саласына қосымша 15,7 млрд теңге тартуға жол ашты. Бұл қаржы жедел медициналық көмек, санитариялық авиация, гемодиализ, шұғыл стационарлық көмек, инфекциялық және әлеуметтік маңызы бар ауруларды қаржыландыруға, сондай-ақ кардиология, нейрохирургия, онкология, гематология сияқты жоғары технологиялық диагностика мен емдеу әдістерін енгізуге мүмкіндік берді.

Дегенмен филиал директоры бірқатар медициналық ұйымдарда кемшіліктер бар екенін атап өтті: медициналық көмек сапасына бақылаудың жеткіліксіздігі, стандарттарды сақтау мәселесі, қаржылық тәртіптің бұзылуы. Нәтижесінде 2025 жылы тексерістер аясында медициналық ұйымдарға 3 млрд теңгеден астам айыппұл санкциялары қолданылды.

Алқа отырысының қорытындысы бойынша заңбұзушылықтарды жою, медициналық ұйым басшыларының жауапкершілігін арттыру және болашақта мұндай жағдайлардың алдын алу жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»