ДЕКЛАРАЦИЯЛАУДЫҢ ҮШІНШІ КЕЗЕҢІ

Жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңінде Қарағанды облысында 142 мыңнан астам кәсіпкер декларация тапсыруы тиіс. Арасында заңды тұлғалардың басшылары мен олардың жұбайлары, тіпті құрылтайшылары да бар.

– Салық төлеушілерге ыңғайлы болу үшін барлық мемлекеттік кірістер басқармасында бар сұрақтарға жауап алуға және декларацияны толтыруға көмек алуға болатын консультациялық орталықтар құрылғанын еске саламыз, – деді Мемлекеттік кірістер департаменті Түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы Бақытгүл Ботпаева.

1 және 2-кезеңде 157 000-нан астам адам жалпыға бірдей декларация тапсыруға міндетті. Онда азаматтардың жеке табыс салығы да көзделген. Сондай-ақ брифингіде жеке тұлғалардың көлік салығын төлеу мерзімінің аяқталуы туралы айтылды. Көлік салығын Қаржы министрлігінің порталында орналастырылған «Калькулятор» сервисін пайдалана отырып дербес есептеуге болатыны жайлы да айтылды. Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті салық міндеттемесін уақытылы орындау қажетін тағы да еске салды.

Азаматтар декларацияда нені көрсету керек:

– шетелдегі жылжымайтын мүлік және көлік;

– шетел банкіндегі 7,3 мың доллардан (1000 АЕК) көп ақша;

– шетелдік компанияға қатысу үлесі;

– бағалы қағаздар, цифрлық активтер (биткойн және т.б.);

– үлестік қатысу шарты (тұрғын үйдегі үлес);

– инвестициялық алтын (алтын құймасы);

– зияткерлік меншік және авторлық құқық объектісі;

– 34,5 млн теңге (10 мың АЕК) шегіндегі қолма-қол ақша;

– 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін нотариалды куәландырылған басқа тұлғалармен қарыз шарты;

– құны 3,4 млн теңгеден асатын басқа мүлік (қалауы бойынша) мәдени құндылықтар, зергерлік бұйымдар, асыл тұқымды жануарлар және тағы басқа).

Елімізде жалпыға бірдей декларация 2021 жылы қаңтардан бастап енгізілді. Бұл процесс кезең-кезеңімен жүзеге асуда:

Бірінші кезең – 2021 жылы «кіріс» декларациясын мемлекеттік қызметшілер және оларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ олардың жұбайлары ұсынды.

Екінші кезең – 2023 жылы мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері, сондай-ақ олардың жұбайлары ұсынды.

Үшінші кезең – 2024 жылдың қаңтарынан бастап декларацияны заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары (қатысушылары), жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары (зайыбы) тапсырады.

Төртінші кезең – 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтардың қалған санаты (мысалы, жеке құрылымдардың қызметкерлері, зейнеткерлер, үй шаруасындағы адамдар, студенттер және т.б.) ұсынады.

Нұрәсем АХАН, «QH»