Дауыс беру нәтижелері

Орталық сайлау комиссиясының алдын ала нәтижелері бойынша 71,12% дауыс АЭС құрылысын қолдап берілген. Экзит-полл көрсеткіштері тіпті жоғары –  72%-дан астамын көрсеткен. Референдум барысында Бас прокуратура екі құқық бұзушылықты тіркеді.

Қарағанды облысында референдумға қатысу белсенділігі 72,12%-ды құрады. Бұл көрсеткіш елдегі орташа деңгеймен сәйкес келеді. Учаскелік сайлау комиссиясының мүшелерінің айтуынша, таңертең негізінен егде жастағы адамдар дауыс берген, ал түстен кейін басқа тұрғындар белсенділік танытты.

– ҚР заңнамасына сәйкес азаматтар өз дауысын беріп жатыр, белсенділік танытып. Біздің участок бойынша 2 201 адам тіркелген және де шетелдік бақылаушылар болды. Олар өз бағаларын беріп кетті, – дейді №17 учаскелік комиссияның төрағасы Ерлан Құлымбетов.

Ә.Сағынов атындағы Политехникалық университет, энергетика факультетінің студенттері де референдумға қатысып дауыс берді. Олар елде болып жатқан мұндай ауқымды шараға бейжай қарамады, себебі, оқып жатқан мамандықтықтары АЭС құрылысына тікелей байланысты. Ол жайлы білімдері де бар.

– Бұл біздің еліміз үшін маңызды мәселе деп ойлаймын. Энергетика бағыты қазіргі уақытта өте өзекті болып отыр. Референдум осылай жалпы халықтық қоғамда талқылануы тиіс. Бұл елге үлкен үлес қосқанымен қауіпті жоба, сондықтан барлық артықшылығы мен кемшілігін таразылау қажет. ҚР Азаматы ретінде өз таңдауымды жасадым, – деді Қарағанды техникалық университетінің энергетика, автоматика және телекоммуникациялар факультетінің студенті Руслан Харисов.

Референдум күні облыста тәртіпті 3,5 мыңнан астам полиция қызметкері қадағалады. Олардың 1 280-і дауыс беру учаскелерінің жанында кезекшілік етсе, қалғандары елдімекендерде және жолдарда тәртіпті қамтамасыз етті. Олар 2-9 қазан аралығында күшейтілген қызмет режиміне көшірілді. Референдумге дейін барлық сайлау учаскесінің техникалық қауіпсіздігі, оның ішінде терезелердегі торлар, сейфтер мен өртке қарсы құралдардың болуы тексерілді. Бас прокуратура ел бойынша екі заңбұзушылықты тіркеді. Бұл туралы арнайы брифингте Бас прокуратураның өкілі мәлімдеді.

– Бүгінгі бұзушылықтың 2 фактісі анықталды. Біріншісі – жеке тұлғаның заңсыз қоғамдық сауалнама жүргізуі. Ол Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 120-бабының 3-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды. Екіншісі – заңсыз үгіт-насихат, ол үшін азаматтық тұлғаға 102-бап бойынша айыппұл салынды. Өз кіналарын мойындады, – деп есеп берді ҚР Бас прокуратурасы қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі басқармасының бастығы Бекжан Қараманов.

Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ, «QH»