«Daraboz» зияткерлік ойыны ұйымдастырылды

Қарағанды облысында алғаш рет 10-сынып оқушылары арасында «Daraboz» зияткерлік байқауы өтті. Бірінші орынды Н.Нұрмақов атындағы ММЛИ оқушысы Жәния Жұмағали иеленді.

Облыстық кезеңге аудандық және қалалық турлардың Гран-приін алған 24 оқушы қатысты.

– Ойынның мақсаты – балалардың жан-жақты білімін көрсетуіне мүмкіндік жасау. Сұрақтар бірнеше саланы (әдебиет, тарих, медицина, спорт, ғылым, мәдениет және т.б.) қамтиды. Сондай-ақ сұрақтардың барлығы біздің елге қатысты болды.

Байқау сонымен қатар көшбасшылық қасиеттерді дамытуға ықпал етеді. Бұл – «Дарын» ойынының нұсқасы. Енді біз оны жыл сайын өткізбекпіз, – дейді «Сарыарқа дарыны» балаларға арналған қосымша білім беру өңірлік ғылыми-практикалық орталығының басшысы Нүркен Ашықбаев.

– Байқау өте қызықты, ойын түрінде ұйымдастырылған. Қалалық турда мен Гран-при алдым және облыстық кезеңге өттім. Байқау ұнады, білімімді тексеруге мүмкіндік болды. Физика және математика, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен олимпиадаларға жиі қатысамын. Болашақта математика пәнінің мұғалімі болғым келеді, – деп бөлісті Балқаш қаласының №9 ЖББМ 10-сынып оқушысы Жұлдыз Бөде.

Байқау қорытындысында бірінші орынды Н.Нұрмақов (Қарағанды) атындағы ММЛИ оқушысы Жәния Жұмағали иеленді. Балқаш қаласының Абай атындағы №2 мектеп-лицейінен Мәдина Асанова екінші орын алды. Үшінші орын Шет ауданының Ж.Ақылбаев атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Ажар Боранбайға бұйырды.

Жеңімпаздарға диплом мен сыйлық табысталды.