«ДАЛА ДУМАН» ДҮБІРІ
Қарағандыда дала «Дала думан» мерекелік шарасы өтті. Салт-дәстүрді жаңғыртып, ұлттық өнерді паш еткен жоба биыл осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Бүрмелі көйлек, кәмшат бөрікті арулар, кимешекті әжелер құдды бір қазақ киімі мен өнерінің бар сұлулығын паш еткендей.
Кіреберістен-ақ сыбызғының сырлы үні еріксіз елітіп ала жөнеледі. Сазсырнайдың да сан түрін осы жерден табасыз. Бұл – «Дала думанның» арнайы көрмесі. Келген меймандар алдымен осы жерге аялдайды. Ұлттық аспаптарды ұлықтап жүрген жігіттер Астана іргесіндегі Қосшы елді мекенінен арнайы ат арылтып келсе керек.
– Қорымызда 1 600-ден астам аспап сақтаулы. Бұл жерге бәрін әкелген жоқпыз, әрине, бірақ сыбызғының сан түрін көрсетіп жатырмыз. Қазір шаңқобыздың жасалу технологиясын көрсетеміз. Халықтың өтінішімен әр аспапта ойнап берудеміз. Келіп, көріп, қызығушылық білдіріп жатқандар өте көп. Осы шараға келгенімізге дән ризамыз, – деді Б.Сарыбаев атындағы мұражайдың негізін қалаушы Азамат Бақия.
Іс-шараны «Қазақ аналары. Дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігі және «Ханталапай» орталығының өкілдері бірлесе ұйымдастырған. Негізгі мақсат – өскелең ұрпақ дәстүрден, тарихы терең мол мұрадан ажырап қалмаса деген тілек.
– Біздің мақсат – қазақ халқының дәстүрін, даналығын, жалпы, қандай үйлесімділікте өмір сүргенін көрсету. Даналықтың барлығы өзімізде. Сырттан іздеп еліктеудің қажеті жоқ. Бізде дін де болған. Салт та, дәстүр де бір-бірімен сабақтасып жатыр. Бөліп-жаруға келмейтін тұтас дүниені дәріптеп жеткізу – міндет, – дейді шараны ұйымдастырушы Меруерт Аманбекқызы.
Рухани кешті тізгіндеген белгілі асаба Айтуған Ырысалдин аталы сөздің мән-мағынасын тереңнен қозғай білді. Мерекелік шараға келген меймандар өнерлерін паш еткен өрендерге қолдау білдіріп қошеметтеп отырды. Кешке келушілердің саны да аз емес. Рухани азық алып, ұлттық құндылықтарды қолдауға келгендердің көп екенін көріп көз қуанады.
– Осының бәрі біздің ұлттық кодымызды оятады. Біз, үлкендер, ұлттық киімімізді киіп жастарға үлгі болсақ, ертең олар да осылай жүруді жөн санайтын болады. Бүгінгі «Дала думан» кеші өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Осында келгеніме өте қуаныштымын, – дейді қала тұрғыны Үміт Қазаққызы.
Ән шырқалды, күй шертілді. Тарихымызға, дәстүрімізге қатысты сұрақ-жауап ойындары ұйымдастырылды. Қонақ күту, табақ тарту, бала тәрбиесі, жалпы, отбасы құндылығына қатысты мол мағлұмат берілді. Жиылған жұрт ән салып, би билеп көтеріңкі көңілмен тарқасты. Ең бастысы, ұйымдастырушылар «Дала думаны» келер жылы да жалғасатынын айтты.
Нұрәсем АХАН, «QH»