Дала дастарқанының дәмі

«Глобал Сити» сауда алаңында өткен жәрмеңкеде қарағандылықтар арзан әрі сапалы азық-түлік алу мүмкіндігіне ие болды. Әсіресе соғым науқаны басталған шақта етті ешқандай делдалсыз, өз бағасына алудың өзі қалалықтар үшін үлкен көмек болғаны сөзсіз. Бұл жолы жәрмеңкеге 7 аудан мен 3 қаланың кәсіпкерлері ауылшаруашылық тауарлары мен өңдеу кәсіпорындарының өнімдерін әкелген.

Жәрмеңке таң сәріде басталып, қас қарайғанға дейін жалғасты. Ә дегеннен-ақ сатушылар алдында ұзын сонар кезек пайда болды. Өйткені жәрмеңкедегі өнімдердің бағасы дүкен сөрелерімен салыстырғанда айтарлықтай арзан. Ал сапасы жоғары. Елді қызықтырғаны да – осы тиімділігі. Бағаның нарық құнынан төмен болуынан сатушылар да кемшілік көріп тұрған жоқ. Өйткені олар өздері өндірген өнімді бастапқы бағада, яғни өздеріне тиімді бәспен саудалап отыр. Ортада делдал жоқ. Сәйкесінше өндіруші мен тұтынушы тікелей қарым-қатынас жасап, ортақ келісімге келуде. Мәселен, қазы 3 500 теңге, сиыр еті 2000 теңге, құс еті 1000-2700 теңгеден саудаланды. Ал соңғы уақытта «алтынға» теңестіріліп жүрген жұмыртқаның 10 данасы 250-370 теңгеден сатылған. Барлығы 150 мың дана жұмыртқа сатылыпты.

Жәрмеңкеде 384 тонна өнім сатылған екен. Оның 59 тоннасы – ет, 220 тоннасы – картоп, 50 тоннасы – көкөніс, 17 тоннасы – сүт өнімдері және 7 тоннасы – балық өнімдері.

Арман АБИЛҚАСЫМОВ,

«QH»