Дағдарыс сәтіндегі алғашқы көмек: Қарағандыда психологтар тәжірибе алмасты

Психологиялық қолдау орталығы мамандары су тасқыны, суицид және зорлық-зомбылық жағдайларында жедел көмек көрсетудің тиімді әдістерін үйретті.

Қарағанды облысының білім басқармасында Дүниежүзілік психикалық денсаулық күніне арналған ерекше тренинг өтті. Семинарға өңірдің емханалары, Төтенше жағдайлар департаменті және білім беру ұйымдарының психологтары қатысты. Тақырып – дағдарыстық жағдайларда алғашқы психологиялық көмек көрсету.

Жер сілкінісі, су тасқыны немесе апат кезінде жақынынан айырылған, шок күйіндегі адамға алғашқы минуттарда қалай көмектесу керек? Ал өз-өзіне қол жұмсамақ болған жасөспірімге немесе зорлық-зомбылық көрген жанға қандай қолдау қажет?

Осы және өзге де күрделі сұрақтарға жауапты мамандар Қарағанды облысының білім басқармасы базасында өткен семинар-тренинг барысында талқылады.

Психологиялық қолдау орталығының психологы Айғаным Күлмұхамбетова мұндай кездесулердің қоғам үшін маңыздылығын атап өтті.

«Психикалық денсаулық күні аясында осындай шараларды жиі өткізіп тұрсақ, қоғамға да, мамандарға да пайдасы зор болар еді», – дейді маман.

Қарағанды өңірінде соңғы жылдары жер сілкінісі тіркелмегенімен, су тасқыны салдарынан зардап шеккен және қаза болған жағдайлар кездескен. Осындай кездерде психологиялық көмек көрсетудің дұрыс әдістерін меңгеру – адам өмірін сақтап қалудың маңызды тетігі.

«Өкінішке қарай, біз дағдарыстық жағдайлармен жиі бетпе-бет келеміз. Өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенген балалар да бар. Ал мұндай оқиға болған жерге бару – өте ауыр. Дұрыс көрсетілмеген көмек апаттың өзінен де ауыр салдарға әкелуі мүмкін», – дейді Қарағанды облысы Білім басқармасы жанындағы Психологиялық қолдау орталығының жетекшісі Татьяна Любчанская.

Тренингті Қарағанды облыстық психикалық денсаулық орталығының мамандары жеке психотерапия орталығымен бірлесе ұйымдастырды.

Орталық директоры Азамат Ибраевтың айтуынша, психологтардың кәсіби білімі үнемі жаңарып отыруы қажет.

«Бүгінгі тренингтің негізгі тақырыптары – бастапқы психологиялық көмек және ФПА протоколы. Сонымен қатар зорлық-зомбылық немесе суицид қаупі бар пациенттерге арналған қауіпсіздік жоспары, яғни интервенция мәселелері қаралды», – деп атап өтті ол.

Тренинг-семинарға қатысу тегін болды. Шара барысында түрлі мекеменің психологтары өзара танысып, байланыс орнатты. Қатысушылардың пікірінше, мұндай кәсіби әріптестік алдағы уақытта дағдарыс жағдайларында тиімді әрі үйлесімді әрекет етуге жол ашады.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»