Дәуірлеңдер, Ауғандық жауынгерлер!

Ауған жеріндегі ұрыстарға қатысушылардың бірі Айтпай Жұматаев «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынылған. Алайда жоғары тұрған штабтарда марапаттау құжаттары жоғалып, орденге қол жеткізе алмады. «Ерлігі үшін» медаліне де он үш рет ұсынылып, 1982 жылдың қазан айында бір-ақ алған.

Ардагер майдан даласында қалған қарулас достары жайлы естеліктерімен бөлісіп, бүгінгі соғыс ардагерлерінің әлеуметтік жағдайы жайлы сөз қозғады. Ол 15 ақпанның жауынгер- интернационалистер үшін ерекше күн саналатынын, өйткені бұл күні 10 жылға жуықтаған соғыс аяқталып, өрімдей жастардың қанды шептен елге қайта орала бастаған күні екенін ескертіп: «Бір жағынан қарағанда, қуанышты күнге ұқсайтын сияқты, алайда көптеген жанұя үшін бұл — ұрыстан оралмаған ұлдарын аза тұту күні», — деп ішкі қиналысы мен жан толқынысын да жасыра алмады.

— Жауынгерлік наградалардың көбі ауыр жарақаттан кейін немесе қайтыс болғаннан кейін ғана берілді. Халық әлі күнге дейін Ауғанстанда соғыс болған жоқ деп ойлайды. Себебі біз бауырлас халыққа көмек көрсетуде гі халықаралық парызымызды орындап жатырмыз деп айтылды. Бірақ біз өзге елде жүріп өз Отанымызды қорғадық. Нағыз қанды қырғын соғыс болды. Майдандағы қаруластарымыздың біріне оқ тиіп, енді бірі мина жарылысынан қаза тапты, — дейді Айтпай Жұматаев.

Айтпай Жұматаев Қарағандыдағы дене шынықтыру техникумында екінші курс оқып жүргенде, 1981 жылдың сәуір айында әскер қатарына шақырылған. Әскерге шақыру контингентінің алғашқы партиялары әдетте шетелде, Германия, Польша, Балқан, Австрия, Венгрия, Чехословакиядағы Кеңес әскерлері топтарының құрамында қызмет ететіні барлығына белгілі. Бірақ Айтпай мен жолдастары Еуропаға емес, Самарқандқа жөнелтіледі. Жас сарбаздар өзбек даласында бір аптадай жаттыққан соң, қызметтерін Ауғанстанда жалғастыратыны мәлім болған.

— Ауған жеріне аттанатынымызды алдын ала білдім. Себебі балдызым да Ауғанстанда Витебск дивизиясында қызмет атқарып жүрген еді. 1979 жылы 25 желтоқсанда ол Кабулдағы маңызды нысандарды басып алуға қатысты. Соғысқа баратынымызды білсем де, еш қорқыныш болмады. Өйткені менің атам мен әкем Ұлы Отан соғысына қатысқан батырлар болатын. Бірінші ұрысқа қатысып, қаншама адам көз алдымда мерт болғанда ғана қорқыныш пайда болды. Қорқыныш деген — қалыпты сезім. Бұл — өзін-өзі сақтау инстинкті, — деп сөзін жалғады ардагер.

Қарағандылық жауынгер 1981 жылдың шілдесінен бастап қызмет еткен 191-жеке мотоатқыштар полкінің екінші тау-шабуыл батальоны 2-Панджшер операциясына қатысқан. Оның мақсаты осы шатқалда отырған көтерілісшілердің нығайтылған базаларын жою болды. Барлау мәліметтері бойынша, әйгілі дала командирі Ахмад Шах Масуд басқарған 5 мыңға жуық қарулы душман осында қоныстаныпты. Содырлар аяусыз оқ атып, Кеңес әскері үлкен шығынға ұшырайды.

— Бір ғана біздің рота 14 жауынгерінен айырылды. Полк командирінің орынбасары, майор Александр Опарин 10 жауынгерімен бірге қайтыс болды. Кейін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Айтпақшы, біздің жанымызда аты аңызға айналған қара майор Борис Керімбаевтың басшылығымен 177 ГРУ арнайы жасағы болды, — деп өткенін еске алды Айтпай Мұхтарұлы.

Оның жауынгерлік есебінде Газни, Кандагар және Герат провинцияларындағы әскери операциялар, кеңес базалары арасындағы көлік тасымалдары бар. 1983 жылдың ортасында Ауғанстан жерінен кеткен ардагер «Ерлігі үшін», «Ауған халқынан ризашылық» медальдарымен, «Жауынгер- интернационалист» төсбелгісімен, кейіннен көптеген мерейтойлық наградалармен марапатталды.

Ауған жерінде әскери борышын өтегеннен кейін Айтпай Жұматаев «Қарағанды» шахтасында жұмыс істеді. «Абай» шахтасында ТКП учаскесі бастығының орынбасары болды. Қазір зейнеткерлік демалыста. Сондай-ақ жерлесіміз Ауған соғысы ардагерлерінің «Ардагер» қоғамында жастарды әскерипатриоттық тәрбиелеумен айналысады: оқушылармен кездесіп, ерлік сабақтарын өткізеді.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА,

«QH»