Дәстүрлі ән орындаушыларының байқауы

Қаламыздың Кеншілер мәдениет сарайының ұйымдастыруымен әнші Игілік Омаровтың 90 жылдығына арналған дәстүрлі ән орындаушылар арасында облыстық «Ақкем салған Ақерке» атты байқау өтеді.

Байқаудың мақсаты — төл музыкамызды дәріптеу және халық композиторларының мұрасы мен шығармаларын насихаттау, дәстүрлі ән орындаушылардың музыкалық сауаттылығын, орындаушылық мәдениеті мен кәсіби шеберлігін арттыру, және де Игілік Омарұлының шығармашылығын насихаттау мен дәстүрлі ән өнерін дамыту, дейді ұйымдастырушылар.

Ән сайысына Қарағанды облысының әр өңірінен бір ғана үміткер қатыса алады. Екі жас санатына – 10–15 және 16–35 жас бойынша қатысуға өтінімдер 20 қыркүйекке дейін dkg.to@mail.ru электрондық поштаға қабылданады. Байқаудың өзі 25 қыркүйекте сағат 11:00-де КМС сахнасында өтеді.

10–15 жас аралығындағы орындаушылар Игілік Омарұлының әнін дайындап, оны бейне форматта іріктеу кезеңіне жібереді. Іріктеуден өткен үміткерлер екінші турда Игілік Омарұлы айтқан немесе жазған бір әнді және еркін тақырыпта бір әнді орындауы керек.

16–35 жас аралығындағы байқауға қатысушылар бірінші және екінші турларда Игілік Омарұлының орындауындағы немесе авторлығындағы әнді және КМС сахнасында еркін тақырыпта бір әнді ұсынады.

I, II, III сыйлықтардың лауреаттарына (әр номинацияда) дипломдар мен сыйлықтар (сертификаттар), ал олардың басшыларына алғыс хаттар беріледі.

Қосымша ақпаратты мына телефондар арқылы алуға болады: 41-18-01, 8-708-851-66-05.

Құралай КӨБЕНОВА, «QH»