Дәстүр мен цифрлық жаңашылдық: Қарағандыда бауырсақ дрон арқылы таратылды
Қарағанды қаласында Наурызнама онкүндігі аясында ерекше форматтағы мерекелік акция ұйымдастырылды. Қала тұрғындары мен қонақтарына бауырсақтар квадрокоптерлердің көмегімен таратылып, дәстүр мен заманауи технология үйлесім тапқан тың бастама көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Шара Шаңырақ күніне орай өткізілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы Наурыз мейрамы «digital» форматта аталып өтуде. Осыған орай, тұрғындардың көңіл-күйін көтеріп, мерекелік атмосфера сыйлау мақсатында осындай креативті акция қолға алынған.
Қарағанды облысының цифрландыру басқармасының басшысы Константин Ильницкий бұл бастаманың мәнін түсіндірді.
– Биыл біз Наурыз мерекесін цифрлық форматта атап өтудеміз. Яғни, «Digital Наурыз» деп айтуға болады. Мереке қарсаңында қала тұрғындары мен қонақтарының көңілін көтеру үшін осындай ерекше акция ұйымдастырдық. Дрондар арқылы бауырсақ таратып, мерекелік көңіл-күй сыйлағымыз келді, – деді ол.
Акция туралы хабар әлеуметтік желілерде алдын ала жарияланған. Дегенмен, шара жоспарланған уақыттан шамамен үш сағат кеш басталған. Соған қарамастан, саябақ аллеясымен серуендеп жүрген тұрғындар аспанда ұшып жүрген, себет байланған дрондарды көріп, тосын сыйға куә болды. Оларға жаңа піскен бауырсақтар таратылды.
Айта кетейік, бұл бастама 2026 жылдың цифрландыру жылы деп жариялануына байланысты қолға алынған.
Қала тұрғындары да ерекше акцияға оң бағасын берді. Қарағандылық Ксения Юрьева бұл идеяның өзін бірден қызықтырғанын айтады.
– Бұл идея маған өте қызық көрінді. Саябақта серуендеп, пайдалы уақыт өткізуді жөн көрдім. Сол кезде дронды көріп, бауырсақ таратып жатқанын байқадым. Маған бұл шара қатты ұнады. Наурызда алғаш рет осындай форматты көріп тұрмын. Бұл – өте жарқын, мейірімді ұлттық мереке. Осындай дәстүрлер алдағы уақытта да жалғасып, дамыса екен деймін, – дейді ол.
Ал тағы бір тұрғын Вадим Гагарин дәстүр мен технологияның үйлесімін ерекше атап өтті.
– Мұндай «әуе арқылы жеткізу» өте қызық көрінеді. Бір жағынан жеңіл, ойын-сауық сипатындағы дүние, екінші жағынан дәстүрлі элементтермен ұштасып жатыр. Соның нәтижесінде ерекше әсер қалдырады, – дейді ол.
Ал 4-сынып оқушысы Клим Сумлянинов дронды алғаш көргенде-ақ мерекелік көңіл-күйге бөленгенін жасырмады.
– Аялдамаға бара жатқан едім, дронды көріп қызықтым. Бірден көңіл-күйім көтерілді. Баршаңызға жақсы Наурыз тілеймін! – деді оқушы.
Осылайша, Қарағандыда өткен ерекше акция ұлттық дәстүрлер мен заманауи технологияның үйлесім таба алатынын көрсетті. Бұл бастама тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап қана қоймай, Наурыз мерекесінің жаңа форматта да жаңаша мазмұнмен атап өтілуіне жол ашты.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»

