Дәрілердің сапасын бақылау өзгертілді
2025 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда барлық дәрі-дәрмек түрлері міндетті түрде цифрлық таңбалау жүйесімен шығарылады. Бұл жаңа жүйе әрбір препараттың өндірушіден бастап науқасқа дейінгі бүкіл жолын қадағалауға, жалған дәрілердің айналымын болдырмауға және медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Цифрлық бақылау дәрілік заттардың қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқармақ. Бұл жаңашылдық емханаларда қалай іске асатынын Қарағандыдағы №2 емхананың жұмыс үлгісі арқылы бағамдап көрейік.
Қазіргі таңда дәрі-дәрмек қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімді жолдарының бірі – цифрлық таңбалау жүйесі. Бұл жүйе әрбір дәрі қаптамасына қойылатын бірегей Data Matrix коды арқылы жүзеге асады. Арнайы код препараттың өндірілу сәтінен бастап науқасқа жеткенге дейінгі бүкіл қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді. Өндіруші зауыттар бұл кодтарды Бірыңғай оператордан алады, ал кейінгі мәліметтер ортақ ақпараттық жүйеге енгізіледі. Егер қаптамадағы код оқылмаса немесе базаға тіркелмеген болса – ондай дәріні қолдануға қатаң тыйым салынады. Алайда, медицина мекемелерінде бұл жүйе сәтті іске асуда. №2 емхананың медицина бөлімінің меңгерушісі Гүлзейнет Ботабекованың айтуынша, өткен бір жыл ішінде код оқылмай қалған немесе тіркелмеген бірде-бір жағдай тіркелмеген. Бұл – цифрлық бақылау жүйесінің тиімділігін айқындайтын нақты дәлел.
— Бүгінде біз дәрілік заттардың қозғалысын толықтай электронды жүйе арқылы бақылаймыз. Бұл жүйе тек ішкі бақылауды ғана емес, пациенттердің де сенімін арттыруға сеп болды. Қазіргі таңда барлық дәрілер «Дәрілік қамтамасыз ету» жүйесі арқылы қабылданып, тіркеледі. Мәліметтер автоматты түрде таңбалау жүйесіне жіберіледі. Ең бастысы – бұл процесте адами қателікке жол жоқ,– деді №2 емхананың медицина бөлімінің меңгерушісі Гүлзейнет Ботабекова.
Медицина саласына енгізілген цифрлық жүйелердің арқасында енді дәрі-дәрмек айналымы толық бақылауда. №2 емханада барлық препараттар электронды актілер арқылы қабылданады. Медицина қызметкерлері «Дәрілік қамтамасыз ету» ақпараттық жүйесіндегі жеке кабинеттері арқылы дәрілердің келіп түскенін растайды. Бұл мәліметтер автоматты түрде цифрлық таңбалау жүйесіне жолданып, әрбір дәрі осы медициналық мекеменің электронды есебіне алынады. Жүйенің тағы бір артықшылығы — пациенттер де дәрінің заңдылығын өз бетінше тексере алады. Ол үшін Naqty Ónim мобильді қосымшасын жүктеп, қаптамадағы Data Matrix кодты сканерлеу жеткілікті. Қосымшада препараттың қай жерде және қашан өндірілгені, емханаға қалай жеткізілгені және нақты пациентке берілген уақытына дейінгі барлық ақпарат қолжетімді. Бұл – медициналық көмек сапасы мен ашықтықтың нақты кепілі.
— Өткен бір жыл ішінде жүйеде тіркелмеген немесе коды оқылмай қалған бірде-бір жағдай тіркелмеді. Бұл – жүйенің дұрыс жұмыс істеп тұрғанының айғағы. Пациенттер де Naqty Ónim қосымшасы арқылы өздеріне берілген дәрінің заңдылығына көз жеткізе алады. Осындай қадамдар – медициналық қызмет сапасын арттырудағы нақты нәтижелердің бірі, –дейді маман.
Цифрлық таңбалау — фармацевтика нарығындағы толық ашықтыққа бағытталған қадам. Енді пациенттер дәрі-дәрмектің қауіпсіздігіне сенімді бола алады, ал мемлекет – олардың заңды айналымда екеніне көз жеткізеді. Қарағандыда бұл жүйе еліміздің басқа өңірлері сияқты толық іске қосылған.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»