ДӘРІГЕРЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ ҮШІН ЗАҢҒА ӨЗГЕРІС ЕНЕДІ
Ауылдағы дәрігер тапшылығы мәселесін шешу үшін ауылдық жерге көшіп барған мамандарға 100 АЕК мөлшерінде көтерме жәрдемақы төленеді. Бұл туралы «Amanat» партиясының «Дәрігер Talks» диалог алаңында айтылды.
Еліміздің барлық өңірінен дәрігер, медбике, оқытушы, ғалым, медициналық ұйым басшылары, денсаулық сақтау саласының ардагерлері мен сарапшылар – барлығы 300-ден астам маман «Amanat» партиясының «Дәрігер Talks» диалог алаңында бас қосты. Олар медициналық қызмет көрсету жүйесінің қазіргі жай-күйін талқылап, отандық медицинадағы өзекті мәселелерді шешу жолдарын ұсынды. Сондай-ақ қатысқандарға партиялық және ведомстволық наградалар табысталды.
Жаңа диалог алаңының алғашқы жиыны Nazarbayev University медицина мектебінде өтті. «Дәрігер Talks-тың» ерекшелігі – мұнда дәрігерлер денсаулық сақтау саласын дамыту аясында өмірдегі және кәсіптегі жеке қалыптасу тарихын бөлісті.
Ашық пікір алаңына айналған жиында ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов қатысқандардың барлығын өткен Медицина қызметкері күнімен құттықтап, мемлекеттің денсаулық сақтау саласына әрқашан ерекше назар аударатынын атап өтті. Ол сондай-ақ партияның 70 мыңға жуық мүшесі медицина саласының өкілі екенін және олар «Amanat-тың» маңызды тірегі саналатынын жеткізді.
– Мемлекет басшысының ұсынысымен «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» мемлекеттік наградасы қайтадан енгізілді. Қоғам дәрігерлеріміздің ерен еңбегін бағалап қана қоймай, олар туралы егжей-тегжейлі білуі керек деп санаймын. Сол себепті «Amanat» партиясы осы «Дәрігер Talks» алаңын ашып отыр. Осы жерде медицина қоғамдастығы депутаттық корпуспен және Денсаулық сақтау министрлігімен бірге ашық диалог форматында өзекті мәселелерді талқылап, оның шешу жолдарын айқындайды. Біздің міндетіміз – әр дәрігердің үнін естірту, – деді ол.
Сондай-ақ Ерлан Қошанов жуырда денсаулық сақтау заңнамасына енгізілген түзетулерге назар аударды. Бұл түзетулерді «Amanat» партиясы әзірлеген. Заңда медицина қызметкерлеріне арналған бірқатар әлеуметтік кепілдік қарастырылып, олардың құқығын қорғау жұмысы күшейтілуде. «Amanat» партиясының төрағасы дәрігерлерге қол жұмсау оқиғалары жиілеп бара жатқанына жеке тоқталды.
– Мұндай әрекеттерді ақтап алуға болмайды. Сондықтан біз барлық деңгейдегі медицина қызметкері үшін қауіпсіз еңбек жағдайын жасау бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Депутаттар, яғни «Amanat» фракциясының мүшелері медицина қызметкерлерін қорғау мақсатында Қылмыстық кодекске түзетулер енгізуге бастамашы болды. Жақын арада біз медицина қызметкерлерін қорғауды заң жүзінде күшейтеміз, – деді Ерлан Қошанов.
Келелі кездесуде қатысушылар Президент Жолдауы мен оның сайлауалды бағдарламасын ортаға салып ой елегінен өткізді. Тараптар медицина қызметкерлерін қолдау және жалпы денсаулық сақтау саласын дамыту жөнінде бұрын-соңды болмаған оң шаралар қолға алынып жатқанына назар аударды.
Ал ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова 2020-2023 жылдар аралығында Мемлекет басшысының тапсырмасымен медицина қызметкерлерінің жалақысы кезең-кезеңімен өскенін айтты:
– Мәселен, дәрігерлердің еңбекақысы 3 еседен астам жоғарыласа, орта медицина қызметкерлерінің жалақысы 2 еседен астам өсті. Бұл дегеніміз – 270 мыңнан астам отандасымыз бен олардың отбасы мүшелері.
Ауылдағы дәрігер тапшылығы мәселесін шешу үшін ауылдық жерге көшіп барған мамандарға 100 АЕК мөлшерінде көтерме жәрдемақы төленеді. Денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі заңға енгізілген бұл норма «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасында көзделген.
«Өмір тынысы» трансплантация жасалған адамдарды оңалту бірлестігінің төрағасы Жәнібек Оспанов донор мәселесіне тоқталды. Оның өзіне де осыдан 10 жылдан астам уақыт бұрын жүрек трансплантациясы жасалған.
– Донор болудың ойланып-толғанып барып жасалатын маңызды қадам екенін түсінген жөн. Мәселен, мен өмірден озған соң, қандай да бір ағзам өзге адамның өмірін жалғап, ол екі-үш балалы болса, өмір жалғасы дегеніңіз осы емес пе? Әр адам донорлыққа қатысты көзқарасты түсінуі керек, – дейді ол.
Аталған жиынға қатысқандар денсаулық сақтау саласына және әлеуметтік салаға қатысты бірқатар бастама көтерді. Кездесу соңында «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова және Қазақстан денсаулық сақтау менеджерлері қауымдастығы кеңесінің төрағасы Қуаныш Ерғалиев кәсіби қызметіндегі еселі еңбегі үшін бірқатар медицина қызметкерін марапаттады.
Жанбота БЕЙСЕНБАЙ, «QH»