Дәрігерлер әулеті – Жұмақаевтар династиясы

Ұлт саулығы – ел болашағының кепілі. Осы жолда қажырлы еңбек етіп жүрген ақ халатты жандардың арасында тұтас әулет болып медицинаға қызмет етуді өмірлік мұрат еткендер де бар. Қарағандыда бірнеше буыны дәрігерлік қызметке арнаған Жұмақаевтар әулеті тұрады. Кеншілер қаласына кеңінен танымал бұл династияның әр мүшесі өз ісінің майталманы ретінде ел алғысына бөленіп жүр.

Жұмақаевтар әулетінде елге шипа дарытқан, талай жанның өміріне араша түскен бір ерекше тұлға болған. Алтын қолды дәрігер, жоғары санатты онколог-хирург, медицина ғылымдарының кандидаты Мұратбек Дәулетханұлы – өмірін адам жанына араша болуға арнаған ғибратты ғұмыр иесі еді. Ол өз ісіне адалдықпен қарап, абырой биігіне еңбегімен көтерілді. Елімізге белгілі дәрігердің медицина саласына қосқан үлесі «Денсаулық сақтау саласының үздігі», «Ерен еңбегі үшін», «Бірлік» сияқты мемлекеттік марапаттармен бағаланды. Бүгінде марқұм Мұратбек Дәулетханұлының жолын қуған қос ұлы – Ақылбек пен Асылбек – әке аманатына адал болып, мыңдаған науқасқа өмір сыйлап келеді. Әкеден дарыған ізгілік пен ізденісті серік еткен Жұмақаевтар әулетінің қос ұлы бүгінде отандық медицинада өзіндік орны бар тәжірибелі мамандарға айналды. Ақылбек Жұмақаев – №3 көпсалалы аурухананың онкология бөлімін басқарып, қатерлі дертпен күресте талай жанға үміт сыйлап жүрген білікті дәрігер. Ал егізі Асылбек Жұмақаев – сол аурухананың абдоминалдық хирургия бөлімінің меңгерушісі. Қос ағайынды кәсіби шеберлікті ғылыммен ұштастырып, тәжірибесін үнемі жетілдіріп келе жатқан өз ісінің нағыз мамандары.

– Менің әкем Мұратбек Жұмақаев – нағыз алтын адам еді. Ол кісінің қолынан келмейтін ота жоқ десем, артық айтқандық емес. Кез келген күрделі операцияны шеберлікпен, аса үлкен жауапкершілікпен жасайтын. Емделушілері әкемді ерекше құрметтеп, шын жүректен жақсы көретін. Өйткені ол тек дәрігер емес, адам жанын терең түсінетін, шипасын жүрегімен дарытқан жан болатын. Бүгінде біз, ұлдары, асқар тау әкеміздің артында қалдырған аманатына адал болып, оның сара жолын жалғастырып келеміз. Өз басым кәсіби маман ретінде қалыптасуымда әкемнің ықпалы зор болды. Оның өмірлік ұстанымы, адамгершілігі, науқасқа деген қамқорлығы – мен үшін үлгі, бағыт, бағдар. Біздің әулет түгелге жуық медицина саласын таңдаған. Бұл – жауапкершілігі мол, қиындығы мен қызығы қатар жүретін, үнемі ізденіс пен тиянақтылықты талап ететін жол. Біз осы жолды абыроймен жалғап келеміз. Әкеміздің есімі мен еңбегі бізге күш береді, рухтандырады. Ол кісінің арманын жалғастыру – біздің өмірлік міндетіміз, – дейді Ақылбек Жұмақаев.

Қазіргі медицинада білім мен тәжірибені ұштастыра отырып, үздіксіз дамуға бет алған дәрігерлердің еңбегі ерекше. Солардың қатарында Асылбек Жұмақаев та бар. Ол – бауыр, өт, асқазан мен ішек аурулары бойынша күрделі оталарды сәтті жасап жүрген жоғары деңгейдегі хирург. Заманауи лапароскопиялық әдістерді жетік меңгерген білікті маман жас дәрігерлерге үйретуден жалықпай, ортақ тәжірибе алаңын қалыптастыруға белсенді атсалысып келеді. Шетелдік клиникаларда білімін жетілдіріп, үнемі кәсіби ізденіс үстінде жүретін Асылбек – отандық хирургияны жаңа биікке көтеруге үлес қосып жүрген жас буын өкілі.

– Еңбек өтілім – 11 жыл. Қарағанды медициналық университетін тәмамдаған соң, осы ауруханада еңбек жолымды бастадым. Содан бері мамандығыма деген сүйіспеншілігім мен жауапкершілігім бір сәтке де кеміген емес. Егізім Ақылбек екеуіміз әр істі ақылдасып, бірлесе шешіп, үнемі қолдау көрсетіп келеміз. Бұл біздің кәсіби жолымызда да, өмірлік бағыт-бағдарымызда да үлкен маңызға ие. Күн сайын дерлік 3-4 ота жасаймын. Қазір де кезекті күрделі операциядан шықтым. Әрбір сәт санаулы, әр шешім маңызды. Ал емделушілердің алғысын естіп, олардың жүзінен өмірге деген үмітті, сенімді көру – бар шаршауды ұмыттырып, жанға жылулық сыйлайды. Бұл – дәрігер ретінде ең үлкен марапат. Біздің қолымыз арқылы біреуге жаңа өмірдің есігі ашылып жатқанын сезіну – бұл мамандықтың ең биік мағынасы, – дейді дәрігер.

Бүгінде онкологиялық аурулар – жаһандық деңгейде өзекті мәселеге айналған. Өкінішке қарай, бұл дерттің жасару үрдісі соңғы жылдары алаңдаушылық тудырып отыр. Сала мамандары аурудың асқынуына ең алдымен тұрғындардың уақытылы тексерілмеуі, дұрыс тамақтанбау, зиянды әдеттерге әуестік және тұқым қуалаушылық факторлар себеп екенін алға тартады. Осы орайда ерте диагностика мен салауатты өмір салтының маңызын түсіндіру – қоғам үшін аса маңызды міндетке айналып отыр.

– Саламатты өмір салтын ұстану – әр адамның басты ұстанымы болуы керек. Өкінішке қарай, кейде емделушілер дәрігерге тым кеш жүгінеді. Қолдан келген ем-домның бәрін жасағанымызбен, ауру асқынып кеткен жағдайда, өмірін сақтап қалу мүмкін болмай жатады. Сондықтан денсаулыққа салғырт қарауға болмайды. Әсіресе онкологиялық аурулар өте қауіпті – олар ұзақ уақыт бойы еш белгі бермей, жасырын дамиды. Осындай жағдайда тек алдын ала тексерілу мен дер кезінде қойылған диагноз ғана өмірді сақтап қала алады. Қазіргі таңда біз заманауи медициналық технологияларды меңгеріп, білімімізді үнемі жетілдіріп келеміз. Себебі бүгінгі медицина – тоқтаусыз дамып жатқан сала, ал дәрігер үшін әрбір жаңа біліктілік – адамның тағдырына тікелей әсер ететін маңызды құрал, – деп атап өтті Асылбек Жұмақаев.

Адам жанының арашасы болуды мұрат еткен Жұмақаевтар әулеті денсаулық сақтау саласында аянбай тер төгіп келеді. Кәсіби біліктілік пен адами жауапкершілікті ту еткен әулет мүшелері бүгінгі таңда да осы жолды абыроймен жалғастырып, мыңдаған адамның өміріне үміт сыйлауда. Олар таңдаған сара жол – тек бір отбасының ғана емес, тұтас қоғам үшін үлгі боларлық өнеге.

Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,

«QH»