Дәрігер мәртебесі заңмен қорғалуы мүмкін
Қазақстанда медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесі мен қызметіне берілетін кепілдіктерді заңмен бекіту ұсынылды. Құрылтай депутаты Дана Медеуова бұл мәселені денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығы және елдің ұлттық қауіпсіздігімен байланыстырып, арнайы заң жобасына бастамашылық ететінін мәлімдеді.
Депутаттың айтуынша, медицина мамандарының еңбекақы жүйесі олардың біліктілігін ескеретіндей икемді болуы керек. Сонымен қатар дәрігерлерді кәсіби міндетіне қатысы жоқ бюрократиялық жұмыстардан босату қажет.
«Дәрігер мәртебесін тек әлеуметтік әділеттілік аясында қарастыруға болмайды. Дәрігердің мәртебесі – биологиялық және ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Дәрігер шексіз есеп-қисап толтырумен емес, адам емдеумен айналысуы керек», – деді Дана Медеуова, Құрылтай депутаты.
Медеуова сондай-ақ «дәрігер» атауын заңмен қорғау қажеттігін атап өтті. Оның пікірінше, бұл атаудың артында тиісті медициналық білім, расталған біліктілік және кәсіби қызметпен айналысу құқығы тұруы тиіс. Сонымен бірге медицина саласындағы кадр тапшылығына объективті баға беріп, жаңа мамандарды тартумен қатар, қазіргі тәжірибелі дәрігерлерді салада сақтап қалу маңызды.
Ұсынылып отырған заң жобасы медицина қызметкерлерінің кәсіби құқықтары мен міндеттерін жүйелеуге, еңбек жағдайын жақсартуға және олардың қызметіне құқықтық кепілдіктерді күшейтуге бағытталмақ. Бұл бастама медицина мамандарының мәртебесін арттырумен қатар, көрсетілетін медициналық көмектің сапасына да әсер етуі мүмкін.
Медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігіне қатысты заңнамалық шаралар да күшейтілді. Қазақстанда дәрігерлерге, фельдшерлерге және жедел жәрдем жүргізушілеріне қызметтік міндетін атқару кезінде күш қолданғаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Кейбір жағдайларда жаза 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»

