Д.Пірімбетов: Парламентті күшейтіп, беделін арттыруымыз керек

Бұл жолғы референдум символикалық мәнге ие. Өйткені билік халықтың қолдауына ие екенін көрсетпек болды. Бұл легитимділік жағынан өте маңызды процедура.

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Мемлекеттік дамудың жаңа кезеңі: Әділетті Қазақстан құру» тақырыбында сараптамалық дөңгелек үстел барысында саясаттанушы саясаттанушы Дәурен Пірімбетов осындай пікірін білдірді. Оның айтуынша, халықтың қатысуы, референдумға баруы, тіпті қарсы дауыс беруі де — позиция, бұл позицияны сыйлап, ондай көзқарастың барына дағдылануымыз керек. Оны да сарапшылар зерттеуі қажет.

«Бұл референдумның өткізілуінің өзі билікке сигнал, халық қолдады. Енді бұл референдумнан кейін қандай реформалар жүргізіледі? Бәрі де оларды жүзеге асырудың сапасына байланысты. Сонымен қатар Президенттің өкілеттігі мен Парламенттің күшеюіне тоқталсам. Қазір Президенттің өкілеттіктеріне акцент қойылып отыр. Біз президенттік республика болып қала береміз, референдумнан кейін парламенттік республикаға айналмағанымызды нақты айтуымыз керек. Сондықтан акцент Парламентке қойылу керек. Бұл жерде заң шығарушы орган және жергілікті органдарға адамдардың сенімін арттыру механизмі жақсартылып жатыр. Неге? Өйткені, бұрын партиялық тізім бойынша құрылған Парламент партияның ғана көзқарасын жеткізсе, енді мажоритарлық, яғни пропорционалды жүйемен біз аралас, жеке сайлау учаскелерінен, өңірлерден жеке адамдар шығады. Сондай-ақ ол депутатты қайтарып алу процесі енгізілмек. Мұның бәрінің механизмдерін, бағдарламаларын жасау керек. Содан кейін Парламенттің рөлін арттыруымыз қажет. Президенттік биліктің беделі жоғары болғандықтан, иліктің қалған тармақтарына халықтың сеніміні бәсең еді. Ал референдумнан кейін Парламентті күшейту, оның беделін арттыру керек екенін көріп отырмыз. Сондықтан акцент осыған жасалуы тиіс», — деді спикер.

Саясаттанушының айтуынша, жергілікті жерлердегі маслихаттардың мәртебесінің жоғарылауы, өңірлердің басшысын тағайындау үшін кемінде екі кандитатураның ұсынылуы және олардың өз жобаларын қорғауы бәсекенің көрінісі. Бұл халықтың саяси мәдениетінің өсуіне ықпал етеді.