Чипстің зияны

Бүгінгі таңда жастар мен ересектер арасында үлкен сұранысқа ие ең зиян тағамдардың бірі – чипс. Оның адам ағзасына зиян екенін біле тұра, өзімізге тоқтау қоя алмайтынымыз да рас. Оның әдемі безендірілген сырты, тартымды қабы дүкен сөрелерінде бірден көзге түседі. Теледидардан көрсетілетін жарнамалар да бұл өнім тұтынушыларының көбеюіне үлес қосуда. Ғалымдар «көпке танымал қытырлақ картоп адам организміне дым пайдасы жоқ тағам, өте зиян» деп дабыл қағуда. Ал оған құлақ асар адам бар ма?

Көбіміз жеп жүрген осы тағамымызың тарихын да, зиянын да біле бермейміз.

Бастапқыда чипс жоғары деңгейлі мейрамханаларда ғана сатылды. Содан кейін азық-түлік дүкендерінің сөрелерін жаулап алып, бірте-бірте фастфудтардың қатарына енді. Диетологтер оны балаларға жеуге болмайтын тағамдардың тізіміне енгізді.

Чипсті ойлап тапқан бірінші адам америкалық қымбат мейрамханалардың бірінің аспазы Джордж Крам болды. Тіпті чипстің пайда болған жылы мен күніне дейін белгілі: 1853 жылдың 24 тамызы.

Бір күні мейрамханаға келген тұтынушы картоптың өте қалың кесілгенін ұнатпай, аспазға наразылық білдіреді. Жұрттың көзінше ұрыс естіп қысылған Крам картопты өте жұқа етіп турап, майға екі жағы қытырлақ болғанша қуырады. Бұл тағамды жеген қонақ риза болып, оны «чипс» деп атаған. «Чипс» ағылшын тілінен аударғанда «бөлік» дегенді білдіреді.

1932 жылы Америкада картоп чипстерінің дәмін түрлендіріп жасау үшін тіпті ұлттық институт та құрылған. Қазіргі таңда осы картопты балалар көп тұтынады. Ал оның зиян екені ешкімді алаңдатпайды.

«Дабыл қағарлықтай сонша қандай зиян ол?» деген ойларыңыз болса:

  1. Чипс қатты шөлдетеді, ісіндіреді және қалыпты рационалды калорияңызды жояды;
  2. Өзіне тәуелді етіп алады. Чипсті күнделікті жеу есірткі немесе алкогольға тәуелділікке әкеп соқтырады екен;
  3. Семіздікке шалдықтырады. Құрамындағы май кез келген адамның денсаулығына кері әсер етеді. Кей ақпарат бойынша, майлы чипсті көп тұтыну обыр ауруын, онкологиялық ауру тудырады;
  4. Ағзада тұздың көлемі артады. Тұздың көлемі артқан жағдайда, сүйектің өсуі мен жүректің жұмысы бұзылады;
  5. Аллергия тудыруы мүмкін. Чипс құрамында көптеген бояғыш зат пен дәмдеуіш болады. Көп мөлшерде қосылған осындай қоспа адам ағзасында дереу аллергия тудырады;
  6. Ғалымдардың зерттеуінше, балалар дұрыс тамақтанбағандықтан, мидың жұмыс істеу қабілеті төмендейді;
  7. Чипс құрамында дәрумен мен минерал мүлдем болмайды. Акриламид – ең қауіпті канцероген. Бірнеше жыл бұрын чипс құрамынан акриламидтің туысы глицедамид табылған болатын. Ол ағзада ісік пайда болуына әсер етіп қана қоймай, ДНҚ-ны да өзгеріске ұшыратады.

Осынша зиянын көре тұра, денсаулығымызды үлкен қатерге тігуге қорықпаймыз. Тек зияны ғана бар осындай тағамға ақша шығару біз үшін қалыпты болып кеткен. Түрлі қоспа қосылғандықтан, дәмі де тіл үйіреді. Оның бар зиянын ескермеуге осындай алдамшы дәм ықпал етсе керек. Алайда адам денсаулығын қайта қалпына келтіру қиын, қымбат, ұзақ. Оны ешбір ақшаға сатып ала алмайсың. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп сіздерді салауатты өмір салтын ұстауға шақырамын.

Амина АЗЕРБАЙ,

Астана қаласы