ЧЕРНОБЫЛЬ – КСРО СОҚҚАН ЕСКЕРТКІШ
Чернобыль – КСРО-ның өз қолымен соққан қасіретті ескерткіш. Бұл ескерткіш тек сол апат болған күні емес, 70 жыл бойы салынған. 1986 жылдың 26 сәуірі – шындықты бүркемелеп, мінсіз қоғам, идеал мемлекет құрмақ болған Кеңес Одағының бетпердесі ашылған күн. Мінсіз қоғам – утопия. Құдайға қарсылық. Діншілдер айтуы мүмкін, Құдай мінсіздікті қалайды деп. Құдай сақтасын! Бір кем дүние. Адамның өмірі мен жаратылыс. Барлығы бір кем дүние! Мінсіз – Құдай ғана! Қазіргі діншіл қоғам мен сол кезде орнаған құдайсыз қоғамның түк айырмашылығы жоқ.
1970 жыл. Чернобыль атом электрстанциясынан 3 шақырымдай жерде Припять қаласының құрылысы басталған кез. Жаңа деген дүниемен тың идея, бұрын-соңды болмаған жобалар дүниеге келуі керек еді. Алайда, қаланың сәулеті өзге қалалардан еш айырмашылық болған жоқ. Тіпті, халықтар достығын негізге алып, бір ауданды бір қаланың, ал өзге ауданды басқа бір қаланың құрылысын дәлме-дәл қайталаған. Тіпті Семей қаласының құрылыс үлгісінің көшірмесі бар. «Чернобыль. Зона отчуждения» (2014) телесериалының түсірілуіне де осы дерек көмектесті.
Қала 10 жылдың ішінде салынып біткен. Припять жұмақ қалаға айналуы керек еді. «Дені жастар шоғырланған қала шынымен көз тартарлық болатын» дейді куәгерлер. Апатқа дейінгі 16 жылда қаншама тағдыр ғұмыр кешті, қаншама тағдырдың бақытты кезеңі басынан өтті, қаншама тағдырдың көз жасы төгілді. Мүмкін – бақыттан.
Припяттың бір көшесін доп қуған балалардың айқайы, бір көшесін мектептен қайтқан оқушылардың күлкісі, бір көшесін қос ғашықтың түнгі сыры басқан сәт бір ғана уақытта тиылды. Қала бір сәтте қаңырап қалды. Жаңа ғана бұл көшеде балалардың қуанышты үні естіліп жатқан еді, қазір олардан қалған елес те жоқ. Мұндай жағдайға жеткізген – Чернобыль. Шынтуайтына келгенде, Кеңес одағы.
1986 жыл 26 сәуір. АЭС-тің 4-блогы жарылды. Дабыл қағылды. Алайда, халық, 50 мың тұрғыны бар Припять қаласы бұл хабарды 36 сағаттан кейін ғана білді. Бірақ, толыққанды не болып жатқанынан хабарсыз еді. Тұрғындар тек үш күнге ғана эвакуацияланатыны туралы ақпар келді. Сол 50 мың тағдыр, 50 мың жүрек шаңырағын мәңгілікке тастап бара жатқанынан бейхабар-тұғын.
Екі-үш тәулікте радиация Еуропа асқаннан кейін ғана Кеңес Одағы Чернобыльда апат орын алғаны туралы фактіні растауға мәжбүр болды. «КСРО-да мұндай дүние болмауы керек» деп көкіген империяның құрдымға кетуге процессі басталған кез.
Енді қараңыз, салғырттық деп айту мүлдем қисынға келмес, Кеңес Одағының утопиядан әрі кеткен санасыздығы кесірінен апат болған уақыттан 3 ай өткенде 31 адам, 1987-2004 жыл аралығында 19 адам қайтыс болды. Мұның салдары ғасырларға дейін әлі де әсерін бермек.
Әлгі радиация желдің күшімен 10 күннің ішінде құрлық асқан. Оның екі күні әлемнен жасырумен өтті. Басшылар екі күн кабинетте: «Мұндай масқараны қайтып жасырамыз» деп бас қатырып отырғанда, мына жақта мыңдаған адам жапа шекті. Егер де шұғыл қарекет қылғанда жағдай басқаша болар ма еді? Сұрақ көп, жауап – мардымсыз. Чернобыль апатының салдары әлі де байқалады. Апатты жоюға қатысқан қаншама адам қазір соның зардабын шегуде. Газетіміздің өткен санында Әсел Құсайынқызының «Чернобыль: жан жарасы жазылмады» атты мақаласында қарағандылық Мейрамбек Баекеновтің тағдыры жайлы жазылды. «Мейрамбек ағамыз қазір ауырынқырап жүр екен» деді Әсел апамыз ол кісі жайлы сұрағынымда. Арада 35 жыл өтсе де салдары шығып жатыр.
P.S. Бір мақаламызда қала атауы немесе адам есімінің оның тағдырына әсер ететіні туралы жазған едік. Соған сүйеніп, Припять сөзінің мағынасын іздедік. Бір қызығы, мұның атауы да өзінің тағдырын жасап берген екен. Припять деген сөздің этимологиясы «құлау, асығу, шығу, іздеу» деген сөздерден шыққан. Чернобыль құлады, ел асықты, қаладан шықты, енді жан жарасы жазылмай әділдік іздеуде. Ал Чернобыль жусан деген сөзді білдіреді. Табиғат өз дегенін жасаған болар. Қазір Чернобылды тек жусан ғана басып тұр.
Ерболат ҚУАТБЕК
«QH»