Cайлауға дайындық қай деңгейде?

Биыл 20 қарашада маңызды саяси науқан – Қазақстан Республикасы президентінің сайлауы өтеді. Қарағанды облысы сайлау өткізуге қалай дайындалуда? Қанша адам қатысады? Дауыс беруде заң талаптарының сақталуын, әділ өтуін қадағалайтын бақылаушылар анықталды ма? Саралап көрсек.

Қазіргі мәліметтер бойынша, өңірде 761 мыңға жуық сайлаушы тіркелген, олардың 13 мыңы алғаш рет дауыс бергелі отыр. Осыған қарамастан тізім әлі нақтыланатын болады.

Қарағанды облысында 656 сайлау комиссиясы бар, олардың құрамында 4 582 мүше бар. Сондай-ақ бүгінгі күні екі бірдей халықаралық деңгейдегі байқаушы тіркелген. Ал жергілікті байқаушылар сайлау күні ғана тіркеледі. Әкімдіктердің сайттарында «Сайлаушылар тізімінде өзіңді тексер» қосымша беті қолжетімді, онда тұрғындар өз сайлау учаскесінің нөмірі мен мекенжайын да біле алады.

Қазақстанға президент сайлауын бақылау үшін ТМД-дан 100-ден астам бақылаушы келеді. Бұл туралы ТМД атқарушы комитеті төрағасының орынбасары Ильхом Нематов:

– 27 қазаннан бастап ТМД бақылаушылар миссиясы алдағы президент сайлауы науқанын бақылауға кіріседі. Бүгін біз бақылаушыларды бөлу мәселесімен айналысатын штаб ашамыз. Миссияны ТМД атқарушы комитетінің төрағасы Сергей Лебедев басқарады. Оның құрамына достастық елдерінен барлығы 100-ден астам адам кіреді, – деген болатын. Айтуынша, ТМД бақылаушылар миссиясынан 10 адам 27 қазаннан 21 қарашаға дейін ұзақмерзімді бақылау жасайды. Қалған бақылаушылар қысқамерзімді бақылау жүргізеді және сайлау қарсаңында келеді. Орталық сайлау комисиясы 23 бақылаушыны аккредиттеп үлгерді.

– Біз бүкіл өңірді қамтуға тырысамыз. Бақылаушылар барлық учаскеге барады, сайлау комиссияларының қызметкерлерімен кездеседі. Биыл Қазақстан ТМД-ға төрағалық етеді, сол себепті сайлауды бақылауға ерекше көңіл бөлеміз, – деді ТМД атқарушы комитеті төрағасының орынбасары.

Нематов халықаралық бақылаушылар елдің заңы мен барлық халықаралық талаптың сақталуын бақылайтынын атап өтті.

Еске салсақ, 21 қазан күні сағат 18:00-де Қазақстанда президенттікке кандидаттарды тіркеу аяқталып, сағат 18:01-ден бастап үгіт-насихат науқаны басталды. 18 қарашаға дейін кандидаттар бағдарламасын таныстырады. 19 қарашада үгіт-насихат жұмысы аяқталып, тыныштық күні болады. 20 қарашада сайлау өтеді.

Расул МҰХАММЕД,

«QH»