ҰБТ ТАПСЫРАТЫН КҮНДІ ТҮЛЕК ӨЗІ ТАҢДАЙДЫ

Биылдан бастап, ҰБТ-ны тек компьютерде тапсырады. Тапсыратын күнді түлек өзі таңдайды. Тест тапсыруға екі әрекет жасауға болады.

ҰБТ форматымен бірге уақытыда өзгерді. Жаратылыстану-математикалық бағыт үшін – 4 сағат, гуманитарлық бағыт үшін – 3 сағат 45 минут бөлінеді. Екі үзіліс жасауға болады, біреуі тест басталғаннан соң бір сағаттан кейін 2 минутқа, екіншісі екі сағаттан кейін – 15 минутқа беріледі.

ҰБТ-ның әрбір қатысушысының үстіне бақылау камерасы орнатылады. Сәйкестендіру Face-ID бойынша жүргізіледі, ал тестілеу кезінде тыйым салынған заттарды анықтау бойынша отандық прокторинг жүйесін пайдалану көзделеген. Егер түлектен wifi, телефондар, смартфондар, смарт-сағаттар, калькуляторлар, шпаргалкалар, құлаққаптар мен ноутбуктер табылса, оны аудиториядан шығарып жібереді.
ҰБТ нәтижесі бірден шығады. Көктемгі ҰБТ-ға өткен жылдардағы түлектер мен өткен жылғы ҰБТ-дан қанағаттанарлықсыз нәтиже алып, университетке шартты түрде қабылданған ТжКБ және колледж түлектері қатыса алады.
Қарағанды облысы бойынша ҰБТ тапсыратын үш орын анықталды. Олар: Қазақстан көшесіндегі (Қарағанды) орталық, 15а – онда 150 орын, Қараменде би көшесіндегі (Балқаш) – орталық, 17 – осында 60 орын, Байқоңыров көшесіндегі (Жезқазған) – орталық, 123 – онда 60 орын.
Ауылдардан келген түлектер кез келген өңірді таңдап, жақын маңдағы ҰБТӨП-ке тапсыра алады. Наурыз айындағы тестілеуге өтініштерді қабылдау 5 наурызда басталды. Көктемгі ҰБТ Қарағанды облысында 18 наурыз бен 10 сәуір аралығында өткізіледі.
ҰБТ ұсынылған 5 жауаптың ішінен қатысушы бір дұрыс жауапты таңдап, ол үшін 1 балл алады. Бейінді пәндер бойынша тапсырушы 10 тапсырма алады, онда бірден бірнеше дұрыс жауапты таңдайды. Ең жоғарғы ұпай саны – 140.

ӨЗ ТІЛШІМІЗДЕН