Бозбалалар әскерге баруға дайын

   Айбынды армия мен мектеп арасындағы байланысты арттыру  мақсатында бүгін 31775 әскери бөлімінде мектеп оқушыларына арналған ашық есік күні өткізілді. Қарағанды гарнизоны, «Астана» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімге келген оқушылар қуатты әскеріміздің тыныс-тіршілігімен танысып, топ-топқа бөлініп қару-жарақтарды ұстап көрді. Әскери саланың білікті қызметкерлері мектеп оқушыларын қызықтырған сұрақтарына тікелей жауап берді. Халықаралық балаларды қорғау күніне орайластырылған «Әскер балалардың көзімен» тақырыбындағы ашық есік күнінде әскери бөліммен толықтай танысқан оқушылар, отанды қорғау қызметінің ерекшеліктері, әскери оқуға түскен кезде көрсетілетін жеңілдіктер, әскерилерге мемлекет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктер жайын сұрап-білді.

« -Әскери сала мамандарына тек биік шыңдардан көрінуіне тілектеспіз. Ұйқымызды күзетіп, бізді қонаққа шақырып, қару түрлерімен таныстырып жатқан қазақ армиясының ұландары жасай берсін. Қарулы күштердің мәртебесін көтеру, әскери мамандықты көпшілікке танымал ету және жас патриоттарды тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған шараға № 10 мектептен «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубының оқушылары келіп отырмыз. Ризашылығымызды білдіреміз» — деп атап өтті, өз сөзінде №10 жалпы білім беретін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алтыншаш Айткулова.

Механикаландырылған бригада аумағында мектеп оқушыларына арналған, аталмыш бірлескен шаралар тұрақты өтіп және алдағы уақытта да көптеп ұйымдастырылатынын алға тартты әскери қызметкерлер.

« -Қазіргі таңда, жастарды әскери қызметке дайындау көкейкесті мәселе екені белгілі. Себебі, болашақ тізгінін ұстайтын жас патриоттарымыз бәрін білгені дұрыс, 31775 әскери бөлімінің аумағына бүгін, №10 жалпы білім беретін мектептің жоғарғы сынып оқушылары келді. Кейбір оқушылар ұрыс қаруын алғаш рет қолға алғандықтарын жасырмайды. Болашақ отан қорғаушыларды бүгінгі іс-шараға әкелген мектеп басшылығына алғысым шексіз», – деді, 31775 әскери бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары, подполковник Жандос Тазабеков.