Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

Күн тәртібіндегі басты мәселе – халықтың әлеуметтік ахуалын жақсарту. Яғни, елдегі жұмыссыздық деңгейін төмендету. Көп жағдайда кейбір кәсіпорындар өздеріне лайық мамандарды таппай, кадр тапшылығын сезінеді. Ал, дәл сол уақытта қолынан іс келетін жандар екі қолға бір күрек боларлық жұмыс таппай, сергелдеңге түсіп жүруі мүмкін. Сондықтан да, жұмыс беруші мен іздеушінің жүздесуіне қолайлы алаң – бос жұмыс орындары жәрмеңкесі болып отыр.

Қарағанды қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы бос жұмыс орындары жәрмеңкесін жиі ұйымдастырып, қалың көпшілікке ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізіп келеді. Республика күні қарсаңында да «Таир» сауда үйінде дәл осындай жәрмеңке өткен болатын. Оған төрт жүз елуге жуық қарағандылық қатысып, өздеріне лайық жұмыс орындарын іздестірді.

  • Аталған іс-шараның мақсаты жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші арасындағы тікелей байланыс арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу болып табылады.
    Бос орындар жәрмеңкесіне жұмыссыз азаматтар, ЖОО және ООО түлектері, NEET санатындағы жастар, сондай-ақ зейнеткерлік жаска дейінгі адамдарды (Күміс жас) шақырылды. Келушілерге 2000-наң астам бос жұмыс орны ұсынылды, жұмыс берушілер ретінде Қарағанды қаласының 50 астам кәсіпорындары мен ұйымдары шақырылды, — дейді қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының баспасөз қызметі.

Жәрмеңкеге қатысушы азаматтарға 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында кеңес берілді. Жұмыс іздеп келгендердің ішінде 93 азамат өздеріне лайық ваканция тауып, жұмысқа орналасуға жолдама алды. Олардың ішінде пробация қызметінің есебінде тұрған 12 азамат және алимент бойынша берешегі бар 5 адам бар. Көңіл қуантарлығы да сол болып тұр. Өйткені, жаза басып, істі болған адамды көптеген мекемелер жұмысқа алудан жалтарып жатады. Ал, тұрақты жұмысқа тұра алмаған адам күйзеліске түсіп, қылмысқа бару мүмкін. Сондықтан да, мұндай жандардың жұмысқа орналасып, адал еңбекпен күнелтуі қоғамды бірқатар мәселелерден құтқаратыны анық.

Жәрмеңкеге жұмыссыздармен қатар студенттер жастар да көптеп қатысты. Олар өздерінің мамандықтары бойынша қандай бос орындар бар екенін анықтап, диплом алған соң қандай мекемеге жұмысқа тұрғылары келетінін бағдарлады.

— Жақында оқу бітіріп, еңбекке арасаламыз. Сондықтан, мамандығым бойынша жұмыс іздеуді осы бастан бастап кеттім. Жәрмеңкеге келіп, өз мамандығым бойынша екі бірдей жұмыс берушіден ұсыныс алдым. Енді қолыма дипломымды алған соң, бірден жұмысқа орналаса аламын, — дейді Қарағанды Тамақтану және сервис колледжінің 3 курс студенті  Зейнеп Жәмшібаева.

Студенттер бос жұмыс орындарынан бөлек, жас мамандарды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар туралы да кең көлемде ақпарат ала алған екен. Бұл оларға оқуды тәмамдаған соң бос жүріп қалмай, бірден өз салалары бойынша қызметке орналасып кетулеріне қолайлы жағдай туғызады.

— Жәрмеңкеге бірге оқитын достарыммен келдім. Мен сәулет өнері мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Осы жерге келіп, өзіме қызықты ваканциялар туралы білдім. Сонымен қатар, жұмыспен қамту орталығының мамандары жастарды еңбекпен қамтуға бағытталған түрлі мемлекеттік бағдарламалар бойынша кең көлемде ақпарат ұсынды. Оқуымды тәмамдаған соң, бірден сол бағдарламалардың көмегіне жүгініп, өзім қалаған салаға жұмысқа орналасамын деген ойдамын, — дейді Қарағанды техника және құрылыс колледжінің студенті Исламбек Бектұрсынов.

Бұдан бөлек, жәрмеңкеге Әлихан Бөкейхан атындағы Прокуратура, Қазыбек би және Әлихан Бөкейхан ауданының пробация қызметі, Қарағанды облысының Әділет департаменті, жеке сот орындаушылары қатысты.

Жәрмеңкеге келушілер үшін «Күміс жас», «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», «Әлеуметтік жұмыс орны», «Қоғамдық жұмыстар», «Кәсіптік оқыту» бағыттары бойынша жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша кеңес беру жұмыстары ұйымдастырылды.