Бос отырмаңыз

Алдымызда ақпан — қыс мезгілінің соңғы айы. Наурызда көктем келеді. Бұл мезгілде қар ериді, гүлдер гүлдейді, құстар жылы жақтан оралады. Менің айтайын дегенім — құстарды біз қалай қарсы алуымыз керек. Құстарға орын дайындаудың да өзіндік стандарты бар.

Әдетте көктемде құстарға ұя істеп ағашқа ілумен ғана шектелеміз. Ағаш санитары — қараторғай үшін ілінетін ұя тесігінің диаметрі 5 см-ден аспауы тиіс. Әйтпесе оған басқа құстар кіріп алады. Ұяның кіріп- шығатын тесігінен астына дейін 15–17 см болу керек, одан кем болса тұмсықты құстар тұмсығын ұяға сұғып балапандарын алып кетуі мүмкін. Ұяның аузын желге қаратпау керек. Сондай-ақ ұяны еңкейтіп орнатқан жөн. Әйтпесе жаңа қанаттанған балапан ұясынан шыға алмайды. Осы тұста айта кететіні — ұяның ішін бояуға, сүргілеуге болмайды. Балапан қатаймаған тырнағымен жып-жылтыр ағашқа шыға алмайды. Құс ұясын жерден 4–5 метр биіктікке ілу керек және ұяда жел соғатын саңылау болмасын. Саңылаудан жел соқса, жас балапандар жылдам ауырады. Құс ұясын балалар түрлі түске бояуға әуес, ол дұрыс емес. Ұяны сұр немесе қоңыр түспен ғана сырлауға болады. Қараторғай басқасын көрмейді. Тағы бір ескеретін жай — қараторғай келесі жылы бұрынғы ұясына қайта келмейді. Егер өткен жылғы ұяны тазаламаса, оған ешқандай құс жоламайды. Сол үшін ұяны тазалап, ыстық сумен шаю қажет және 3–4 жылда бір ұяны жаңартып отыру керек. Қараторғай — өте сезім тал құс. Әдетте қараторғай келіп көрінгесін 2–3 күннен кейін күн жылиды. Ең алдымен еркегі келіп «пәтер» қарайды, артынша аналығы келіп орналасады. Аналығы 4–5 жұмыртқа салады, оны екеуі кезектесіп екі аптадай басады. Жұмыртқадан шыққан балапандары үш аптадай өткесін ұядан ұшады. Қараторғайдың көктемде біздің өңірге келетін уақыты наурыздың ортасынан сәуірдің 7–8-іне дейін. Ал күзде жылы жаққа ұшар алдында балапандарын түн ішінде ұшырып әкеткесін таңертең ерте келіп, ұясы орналасқан ағашты бірнеше мәрте айналып қоштасады. Мен бұл көріністі көп жыл бақыладым, бұрын жер үйде тұрғанда үй маңайына бірнеше құс ұясын іліп жүрдім.

Сәкен Сәбиденұлы КЕЛДІБАЕВ,

зейнеткер,

Қарағанды қаласы