БИЗНЕСТІ ҚОЛДАУ АУҚЫМДЫ

Қарағандыда жаңа бизнес идеяларға арналған грант алуға өтінім қабылданады. Жас кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік қолдау қайтарымсыз негізде берілмек. Бұл туралы қалалық әкімдіктің Халықты жұмыспен қамту орталығы мәлімдеді.

Орталық мәліметінше, биыл 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы аясында 1 150 азаматқа мемлекеттік грант беру жоспарланып отыр. Биылғы ерекшелік – грант 400 АЕК, яғни 1 225 200 теңге көлемінде берілмек.

Қарағанды бойынша қайтарымсыз грант алуға өтінім қабылдау 8 тамызда басталады. Оған 2019, 2020 және 2021 жылдар аралығында «Бастау Бизнес» оқу курсын аяқтаған, сертификаты бар азаматтар қатыса алады. Биылғы өтінімдер ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан құрылған business.enbek.kz порталы арқылы онлайн қабылданады. Грантқа үміткер порталға электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦП) арқылы тіркеліп, өтінім беруі керек.

Жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, грантқа өтінім беруге «Бизнес Бастау» сертификаты бар мына санаттағы жұмыссыз азаматтар өтінім бере алады: атаулы әлеуметтік көмек алушылар; көпбалалы отбасы мүшелері; қандастар, қоныс аударғандар; мүгедектігі бар бала (мүгедектігі бар балаларды) тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы алатын адамдар және (немесе) мүгедектігі бар азаматтар; 18-29 жас аралығындағы жұмыссыз жастар, асыраушысынан айырылған отбасы мүшелері.

Осы санатқа жататын үміткерлердің өтініші вusiness.enbek.kz порталында 21 тамызға дейін қабылданады. Ал 21 тамыздан кейін арнайы комиссия бизнес-жобаларды қарап, грант иегерлерін анықтайды. 2019 жылы «Бастау Бизнес» оқуын аяқтағаны туралы сертификаты бар азаматтар үшін қосымша ескертетін жайт – порталда өтінім бергенде сертификаттары мен белгіленген қаржы мөлшеріндегі бизнес-жоспарларын PDF немесе Word құжатына біріктіріп тіркеуі тиіс.

Барлық процестің ашықтығын қамтамасыз ету, адами факторды азайту, өтініш берушілерге ыңғайлы болу мақсатында биылғы грант үлестіру электронды форматқа ауыстырылған.

Айта кетсек, грант бір рет беріледі. Бұл ретте бизнес-жобасын комиссия қарау барысында мақұлдамаған үміткер келесі ағындардың біріне қайта өтінім бере алады. «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін оқығаны туралы сертификаттың және оқыту барысында дайындалған бизнес-жоспардың болуы міндетті.

Шешім шығарылғаннан кейін, порталдағы үміткердің жеке кабинетіне хабарлама жіберіледі. Комиссияның оң шешімі болған жағдайда, үміткер тиісті хабарламаны алған сәттен бастап 3 жұмыс күні ішінде порталда банк деректемелері бар банк шотын ұсынуы тиіс. Сондай-ақ порталда хабарлама алған сәттен бастап 3 жұмыс күні ішінде грант алушы жеке кабинетте ЭЦҚ арқылы шартқа қол қоюы тиіс.

Келесі ағындар бойынша өтінім беру күні алдын ала порталда, ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде жарияланатын болады. Қосымша ақпарат алу үшін тұрғылықты жеріндегі жұмыспен қамту орталықтарына жүгінуге болады.

Үміткерлер бизнес-жобасын комиссия отырыстарында ұсынады. Бұл ретте комиссияның әрбір мүшесі бизнес-жоспарды бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарықтарының пысықталуы, бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі, кәсіпкерлік дағдылардың деңгейі, жаңа жұмыс орындарын құру сияқты критерийлер бойынша бағалайды.