Бизнесті қолдау қарқынды
Биыл облыста 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 1,6 млрд теңге сомасына 324 шағын несие беру жоспарланған.
Елімізде жастар кәсіпкерлігін дамытуда жеңілдетілген несие беру бағдарламасы іске қосылды. 2,5 пайызбен жүзеге асатын шағын несие 5 жыл және мал шаруашылығымен айналысатындар үшін 7 жыл аралығына беріледі. Бұл – жаңадан кәсіп бастауға ынталы топ үшін таптырмас мүмкіндік. Жоба іске қосылғаннан бері, аймақтағы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалына 108 өтініш келіп түскен. Берілуі керек жалпы қаражат көлемі 494,3 млн теңгені құрады. Атап айтқанда, 166,5 млн теңге көлемінде 36 шағын несие берілсе, комиссия 219,4 млн теңгеге 48 өтінімді мақұлдады. Жалпы көлемі 199,5 млн теңге болатын 44 өтінімді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ қарастыруда. Комиссия шешімімен құны 75,4 млн теңге сомасындағы 16 өтінім қаржыландырылмады.
Әлеуметтік осал топ өкілдері үшін 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 206 адамға грант беру жоспарланды. Нәтижесінде 52 грант берілді. Оның ішінде 22 грант көпбалалы отбасы мүшелеріне, 15 грант мүмкіндігі шектеулі адамдарға, 10 грант мүгедек бала тәрбиелеп отырған адамдарға, 3 грант асыраушысынан айырылған адамдарға, 2 грант аз қамтылған отбасы мүшелеріне берілді.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА