Бизнестің дамуы – елдің дамуы

Қарағанды облысында кәсіпкерлер саны артып келеді. Кейінгі жылдарда аймағымызда шағын және орта бизнес секторындағы азаматтардың саны 20,5 пайызға өскен екен. Әрі кәсіпкерліктің дамуы облыстың барлық аудан-қаласында байқалады екен. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім болды.

Шағын және орта бизнес субъектілерінің жылдық өнім қуаттылығы 2,4 триллион теңгеден асқан екен. Бұл өткен 2022 жылмен салыстырғанда 9,7 пайызға артық. Ал шағын және орта бизнес секторында жұмыспен қамтылған тұрғындар саны 7,5 пайызға артып, 232,6 мың адамды құрады. Осының арқасында биыл жыл басында облысымызда жұмыспен қамтылған азаматтар үлесі 43,5 пайыздық көрсеткішке жетіпті. Бұл оң көрсеткіш 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны жүзеге асыру арқасында қол жеткенін атап өткен жөн. Әрине, бұдан бөлек мемлекет тарапынан берілетін субсидиялар мен түрлі қолдау шаралары да бизнестің өркендеуіне оң әсер беріп отыр.

– Биыл субсидиялау, кепілдік беру және гранттық қаржыландыру негізінде ұлттық жобаны іске асыруға 14 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде жергілікті бюджет есебінен 2 млрд теңге көлемінде қаражат бөлу көзделген. Осының арқасында кәсіпкерлер қаржылық қолдауға ие болуда, – дейді Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Дастан Құдабаев.

Өз ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер үшін оңтайлы салық режимі бар. Бұл шағын бизнес өкілдерін артық шығын мен қағазбастылықтан арылтады. Әрі олар өздерін мазалаған сұрақтар немесе кәсіби тұрғыда қиындықтарға тап болса, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының көмегіне жүгіне алады.

– 2022 жылы мыңнан астам кәсіпкерге тегін қызмет көрсетілді. Жыл басынан бері Өңірлік кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы 1 200 кәсіпкерге тегін сервистік қолдау көрсетті. Сервистік қолдау кәсіпкерлерге бизнес ашу және жүргізуге қатысты өтеусіз негізде кеңес беру қызметтерін қамтамасыз етеді. Оны офлайн және онлайн режимде алуға болады. Жалпы алғанда, кәсіпкерлерді қолдау орталықтарында ақпараттық тұрғыда 11 мыңнан астам қызмет көрсетілді, – дейді Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов.

Тағы бір айта кетерлігі – жаңадан бизнес бастаған азаматтарға қайтарымсыз негізде грант беріледі. Бұл мақсатта 146 млн теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Биыл 29 грант бөлініпті. Яғни былтырғы жылмен салыстырғанда 5 есе көп.

Арман ӘБІЛҚАСЫМ,

«QH»