Бизнес бастауға — 510 грант
Биыл Қарағанды облысында кәсіпкерлікті дамыту үшін 510 грант бөлінеді, оның ішінде жастарға да мүмкіндік көп. Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова грант алу конкурстарына қатысу мүмкіндігі және кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру туралы айтып берді.
– Биыл 510 грант беру жоспарлануда, оның ішінде 240-ы жастар үшін. Жеке ісін ашуға немесе кеңейтуге грант алу үшін кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан өту қажет. Оқудан өткен қатысушыға сертификат беріледі. Кәсіпкерлік негіздеріне оқыту процесінің ұзақтығы күнтізбелік 14 күннен аспайды, — дейді Әсем Жүніспекова.
Жалпы, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға ҚР бойынша 284 мың адам қатысты. 233, 3 мың адам жұмысқа орналасты. Оның 131,3 мыңы тұрақты жұмысқа орналасты.
Жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша кәсіптік оқытуға 5,6 мың адам жіберілді.
Өз кәсібін бастау үшін 1,5 мың адам мемлекеттік грант алды.
Субсидияланатын жұмыс орындарына 102 мың адам орналастырылды. Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарымен 12,1 мың, жастар практикасымен 9,7 мың, қоғамдық жұмыстармен 77,7 мың адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 1,4 мың, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы аясында 182 адам, «Күміс жас» жобасы аясында 816 адам жұмыспен қамтылды.
Сондай-ақ қызмет саласын таңдау мақсатында 34 мыңнан астам адам әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудан өтті.
Ал биыл грант алу тетігі де өзгерді. Қатысу үшін Enbek.kz сайтында тіркелу қажет және «Бизнес-ресурстар» бөлімінде онлайн-өтінім беру керек. Сондай-ақ, осы порталда үміткер бизнес-жоспарды дербес әзірлейді және жобаны қорғайды.
Таныстырудан кейін комиссия грант беру, бермеу туралы шешім қабылдайды. Мақұлдаған жағдайда қатысушы банк деректемелерін ұсынады және жұмыспен қамту орталығымен шарт жасасады. Қаражат түскеннен кейін, үш ай ішінде гранттың мақсатты пайдаланылуын растау қажет.
ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес жастар мен халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған мемлекеттік гранттар мөлшері 200 АЕК-тен 400 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.
– «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік белсенділікті арттыру шеңберінде 904 адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарлануда, – деп атап өтті спикер. – Облыстың тағы 487 тұрғыны жаңа мамандық алады немесе қайта даярлаудан өтеді. Ұлттық жоба бойынша жұмысшы кадрларды еңбек нарығында сұранысқа ие, жұмысқа орналастыруға кепілдік берілген кәсіптер бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқыту көзделген. Кәсіптік оқытудың ұзақтығы біліктілік пен дағдылардың ерекшеліктеріне байланысты 6 айдан аспайды.
Сондай-ақ, 576 адам www.skills.enbek.kz сайты арқылы онлайн-оқудан өтеді. Жалпы кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде өңірде халықты жұмыспен қамту шараларымен 31 мың адам қамтылатын болады. Негізгі екпін – жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтуға бағытталған.
Еске салайық, бұған дейін халықты жұмыспен қамтуға арналған шаралар Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. 2021 жылы бағдарламаға 651,8 мың адам қатысты.
Мемлекеттік бағдарламаға қатысушылар тұрақты және субсидияланатын жұмыс орындарымен қамтылды. Сондай-ақ оларға кәсіпкерлікті дамыту үшін микронесие мен қайтарымсыз мемлекеттік грант беріліп, қолдау көрсетілді. Қысқа мерзімді курстарда және кәсіптік-техникалық ұйымдарда оқытылды.
Бұдан бөлек, «Еңбек» бағдарламасындағы бағыттардың бірі аясында жұмыс күші көп аймақтардан жұмыс күші жетіспейтін аймақтарға көшірілді.
Айта кетелік, 8 тамыздан бастап Business.enbek.kz порталында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба бойынша бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар алуға өтінімдер қабылдау басталды.
Грант көлемі — 400 АЕК (1 225 200 теңге). Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.
Өтінім беру үшін қажет:
— Business.enbek.kz порталына тіркелу;
— грант алу шарттарына сәйкестігін тексеруден өту;
— бизнес-жоспар үлгісін жүктеу, оны толтыру және порталға жүктеу;
— өтініш нысанын толтырып, ЭЦҚ кілтімен қол қою қажет.
Интернетке немесе компьютерге қолжетімділік болмаған жағдайда, Халықты жұмыспен қамту орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында, Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында өтінім беруге болады.
Жаңа бизнес-идеяны іске асыруға мемлекеттік грант алуға үміткерлер болуы мүмкін:
— жұмыссыз ретінде тіркелгендер;
— жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі үш жылға дейін);
— бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер.
Бұл ретте үміткер мынадай әлеуметтік санаттардың біріне жатуға тиіс:
— мүгедектігі бар тұлғалар;
— «қандас» қолданыстағы мәртебесі бар тұлғалар;
— аймақаралық қоныс аударушылар;
— аз қамтылған отбасы мүшелері;
— көпбалалы отбасы мүшесі (жұбайы / зайыбы);
— мүгедек баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы / зайыбы);
— асыраушысынан айрылу бойынша жәрдемақы алушылар;
— жастар.
Үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы сертификаты болуы тиіс. Оқу сәтінен бастап үш жылдан аспауы керек.
Грант алуға өтінімдерді қабылдау бірыңғай Business.enbek.kz порталы арқылы жүзеге асырылады.
Грантты: қажетті құрал-саймандарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, малдарды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды, көшеттерді сатып алуға, үй-жайларды жалға алу ақысын төлеуге алуға болады.
Гранттар: тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға берілмейді.
Гранттарды халықты жұмыспен қамту орталықтары грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық/қалалық комиссияның шешімі негізінде береді.
Үміткерлер өз бизнес-жобасын Комиссия отырыстарында таныстырады. Бұл ретте Комиссияның әрбір мүшесі бизнес-жоспарды бағалайды және бағалау парағын мынадай өлшем-шарттар бойынша толтырады: бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарықтарының пысықталуы, бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі, кәсіпкерлік дағдылардың деңгейі, жаңа жұмыс орындарын құру.
Осылайша, грант беру туралы шешім комиссиялық түрде және үміткерлердің бизнес-жобаларының пысықталуын бағалаудың нақты өлшем-шарттары негізінде қабылданады.
Комиссия шешімі үміткердің порталдағы жеке кабинетіне жіберіледі. Комиссия оң шешім қабылдаған жағдайда қатысушы банк деректемелерін ұсынады, шартқа қол қояды және одан әрі тоқсан сайын қаражаттың пайдаланылуы туралы есеп береді. Мұның бәрі халықты жұмыспен қамту орталықтарына бармай-ақ, электронды форматта жасалады.