Биыл балаларды профилактикалық тексеруге 39,7 млрд теңге қарастырылған

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды балалар жылы деп жариялағаны белгілі. Осы орайда «Сүйікті бала» арнайы жобасының шеңберінде балалар медицинасы қаржыландырылуда. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры елордалық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Аурулардың алдын алу

Қазіргі медицинада аурудың алдын алу маңызды. Біздің елде балалардың денсаулығына ерекше назар аударылып, дені сау ұлт қалыптастыруға қажетті шаралар жүзеге асырылады. Біріншіден, отбасын жоспарлау жөнінде кешенді шаралар қарастырылған. Екіншіден, жүкті әйелдердің пренатальды скринингі 3 рет жүргізіледі. Бұл — ұрық патологиясы мен ақауларын уақытылы анықтауға мүмкіндік береді. Үшіншіден, перзентханада жаңа туған нәрестеге неонаталдық скрининг жүргізіледі. Сонымен қатар педиатриялық көмек көрсету стандарттарына сәйкес, балалар аурушаңдығының, мүгедектігінің және өлімжітімінің алдын алу, төмендету шаралары көзделген.

” Биыл МƏМС жүйесінде скринингтер мен профилактикалық тексерулер жүргізуге 39,7 млрд теңге қарастырылған, оның ішінде аудиологиялық скринингке 5,1 млрд теңге, 5 жасқа дейінгі балаларды профилактикалық тексеруге шамамен 11,7 млрд теңге, мектеп медицинасы шеңберінде профилактикалық тексеруге 22,9 млрд-тан астам теңге жұмсалмақ

Балалар жеңілдігі бар санатқа кіреді. Сондықтан олар үшін 18 жасқа дейін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын мемлекет төлейді. Осылайша барлық бала автоматты түрде сақтандырылған және МӘМС жүйесінде қажетті медициналық көмекке құқылы.

Балаларға қандай тексерулер жүргізіледі?

Жаңа туған нәрестелерге, ерте жастағы және 6 жасқа дейінгі балаларға аудиологиялық скрининг жүргізіледі. Бұл — бала есту қабілетінің бұзылуын анықтауға мүмкіндік беретін жаппай стандартталған тексеру. Ол екі кезеңмен жүзеге асырылады. Біріншісі бала өмірінің алғашқы үш күнінде тікелей перзентханада жасалады. Екіншісі тіркелген емханасында баланы дамыту кабинеттерінде белгілі бір жастағы балаларға жүргізіледі. Бұл жағдайда учаскелік медбике ата-аналармен байланысып, белгіленген мерзімде скринингтен өтуге шақырады.

Балалардың есту қабілетінің бұзылуы анықталған жағдайда, мүгедектікке әкелетін ауруларды оңалту және алдын алу шаралары қабылданады. Егер құлақ мүкістігі немесе кереңдік қаупі туындаса, онда баланы одан әрі тереңдетіп тексеру үшін сурдологиялық кабинеттерге, сондайақ тексеру және түзете-дамыта оқыту мәселелерін шешу үшін психологиялық-медициналық педагогикалық консультацияға жібереді.

Мектепке дейінгі, мектеп жасындағы балалар, сондай- -ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарының он сегіз жасқа толмаған оқушылары профилактикалық медициналық тексеруден өтеді. Емхана мамандары білім беру ұйымына барып тексереді. Егер мектепке дейінгі жастағы бала балабақшаға бармаса, онда ол тіркелген емханасында алдын ала тексеруден өтеді.

Профилактикалық қарап-тексеру дәрігерге дейінгі, білікті және мамандандырылған кезеңдерді қамтиды.

Дәрігерге дейінгі кезеңде дененің өсуі мен салмағын анықтайды, бас пен кеуде қуысының көлемін өлшейді (3 жасқа дейін), физикалық және психоәлеуметтік дамуын бағалайды, қан қысымын өлшейді (7 жастан бастап), көру және есту қабілетін анықтайды, ЭКГ өткізеді т.б.

Екінші кезеңде теріні және бас терісін, шырышты қабықтарды тексереді, қалқанша без аймағын тексеріп, пальпациялайды, кеуде, омыртқа, аяққолдарын тексереді, тыныс алу, ас қорыту жүйелерін және т.б. тексеру жүргізіледі. Патологиялық өзгерістер анықталған жағдайда, баланы бейінді маманға қосымша тексеруге жібереді.

Мамандандырылған кезеңді бейінді мамандықтардың дәрігерлері жүргізеді.

Аружан АЛПЫСБАЙ, «QH»